Вс. Окт 6th, 2024

Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі

Шілденің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,89 теңгеге дейін 1,4%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 122 млн доллардан 146 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Өткен айда квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімді шамамен 195 млн АҚШ долларына сатты. Квазимемлекеттік сектордағы компаниялар екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында өз бетінше сатуды жалғастыруда.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шілдеде 591 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.

Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Шілде айында Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 8%-ын құрады.

Ұлттық банк шілдеде валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Тамызда Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі ҚР қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Ұлттық банк қажетті трансферттер сомасы бойынша тамызда Ұлттық қордан 750 млн-нан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр. Ол Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде жүзеге асады. Тамызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 200 млн-нан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтіледі.

ктивтерді сенімгерлік басқару аясында Ұлттық банк тамыз айынан бастап 2023 жылдың соңына дейін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін біртіндеп ұлғайтады. ҚДКҚ шешіміне сәйкес, арнайы резерв портфелінде шетел валютасындағы активтердің үлесі 15%-ға дейін ұлғаяды. Жыл соңына дейін шашамен 140 млрд теңгеге валюта сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде тамызда 50 млн-нан 100 млн АҚШ долларына дейін сатып алынады.

Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.


Ақпарат көзі: forbes.kz