Депутаттық әдеп қағидалары бар.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева депутаттық әдепке қатысты нормаларды түсіндіріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттың сөзінше, Құрылтай регламентінің 26-тарауында депутаттық әдепке қатысты нормалар бар.
«Құрылтай депутаттарының Депутаттық әдеп қағидаларында олар депутаттық өкілеттігін атқарған кезде, сондай-ақ оны атқармаған кезде басшылыққа алуға тиіс мінез-құлық нормалары айқындалады. Бұл нормалар мынадай: жоғары деңгейде мінез-құлық мәдениетін ұстану, әдеп нормаларын сақтау, әдептілік таныту, бір-біріне және Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің жұмысына қатысатын барлық басқа да адамдарға сыйластықпен қарау. Сондай-ақ сөйлеген сөздерінде депутаттардың және басқа да адамдардың
ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбау», – деді Снежанна Имашева Құрылтайдың жалпы отырысынан кейін өткен брифингте.
Сонымен қатар депутаттар Құрылтайда заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауы тиіс.
«Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу; Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының отырысында сөз сөйлеуді жеке өтініші мен депутаттық өкілеттікті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де өтініш үшін пайдаланбау; сөйлеушінің сөзін бөлмеу; басқа адамдардың сөзіне түсініктеме бермеу сияқты нормалар да бар. Депутаттар өз әрекеттерімен намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеуі тиіс», – деп атап өтті Құрылтай депутаты.
Айта кету керек, бұған дейін Құрылтайда этиканы бұзған депутаттар қандай жазаға тартылатынын жазғанбыз.
Дереккөз: inbusiness.kz