Елде зейнетақы салымдарын инвестициялау мәдениеті пайда болады.
Қазақстанда енді зейнетақы жинағын толықтай жеке басқарушы компанияларға аударуға болады. Бұл жағдайда салымшыны қандай негізгі тәуекелдер күтіп тұр? Жалпы алғанда бұл жаңашылдықтың оң және теріс жақтары қандай? Редакция тілшісі осы тақырыпқа қатысты сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экономист Бауыржан Шурманов бұл бастама нарықта бәсеке қалыптастырып, салымшыға таңдау еркіндігін береді деп отыр.
«Алайда мұндағы басты мәселе – тәуекелді дұрыс бағалау. Ешбір компания салымшыға аса жоғары табыс әкелуге кепілдік бермейді, ал қаржы нарығы кез келген уақытта минусқа кетуі мүмкін. Жеке басқаруға берілген қаражатқа мемлекеттің инфляция деңгейіндегі кепілдігі жүрмейтінін ұмытпаған жөн. Бұл – ойынға салатын артық ақша емес, әркімнің қартайған шағында күн көретін зейнетақысы. Сондықтан бүкіл ақшаны бірден тәуекелі жоғары қоржындарға салу – өте қауіпті қадам. Тәуекелге дайын болған күннің өзінде жинақтың белгілі бір бөлігін ғана бағыттау қажет», – дейді ол.
Осы тұста «Егер жеке басқарушы компания қате инвестиция жасап, шығынға батса немесе банкрот болса, салымшының ақшасын кім және қалай қайтарады?» деген сұрақ туындайды.
«Егер компания банкрот болса, салымшылардың ақшасына қауіп төнбейді, себебі қаржы кастодиан-банктегі арнайы шоттарда сақталады. Ол компанияның жеке активі емес, сот арқылы тартып алынбайды және БЖЗҚ-ға немесе басқа басқарушыға қайтарылады. Ал нарықтағы қате салымдар салдарынан портфель минусқа кетсе, бұл шығынды мемлекет қайтармайды. Егер компанияның табыстылығы белгіленген орташа шектен төмендеп кетсе, олар бұл айырманы өз меншікті капиталы есебінен толтыруға тиіс. Бірақ компанияның өз резерві жетпей қалса, нарықтық шығын тікелей салымшының өз мойнында қалады. Сондықтан инвестициялық табыспен қатар шығынға бату қаупі де бар екенін түсіну шарт», – деп атап өтті сарапшы.
Бауыржан Шурмановтан қарапайым азамат бірнеше ИПБ-ның ішінен ең сенімдісін қалай таңдауы тиіс екенін сұрадық. Оның пікірінше, адамдар уәде етілген жоғары пайызға қызықпай, сабырлы түрде компанияның нақты тарихын қарауы тиіс.
«Ең бастысы – компания соңғы бірнеше жылдағы дағдарыстар мен нарық құлдыраған кезеңдерде капиталды қалай сақтап қалды? Сондай-ақ басқарудағы активтерінің көлеміне және шығынды өз қалтасынан жабуға жететін меншікті капиталының мөлшеріне қарау керек. Мұнымен қоса, компанияның қызметі үшін алатын комиссиясы тым жоғары болмауы және ақшаның нақты қандай қаржы құралдарына салынып жатқаны ашық көрініп тұруы шарт», – деді экономист.
Бұл мүмкіндік негізінен кімдерге тиімді?
Экономист Бауыржан Шурмановтың пікірінше, тәуекелге тек уақыты бар салымшылар ғана белгілі бір деңгейде бара алады.
«Бұл көбіне жинағын көбейтуге әлі 15-20 жылы бар жастар мен орта жастағы азаматтарға қатысты. Нарық уақытша минусқа кеткен күннің өзінде оларда күтуге және қайта өсуден ұтуға уақыт бар. Бірақ оларға да барлық қаражатты тәуекелді бағытқа салуға болмайды, тек бір бөлігін ғана бағыттаған абзал. Ал зейнетке шығуына бірнеше жыл ғана қалған жандарға мүлдем тәуекелге баруға болмайды. Оларда нарықтың қайта көтерілуін күтіп отыратын уақыт жоқ.
Егде жастағы азаматтар үшін мемлекет кепілдік беретін дәстүрлі жүйеде қалған немесе ең құрығанда тәуекелі ең төмен консервативті портфельді таңдаған әлдеқайда дұрыс. Жалпы ереже: жинақтың 100 пайызын беруге құқық бар екен деп, оның бәрін бір күнде алып берудің қажеті жоқ. Алдымен аз ғана бөлігін беріп, компанияның нарықтағы мінезін сынап көру керек», – деп түсіндірді ол.
Әр салымшы таңдауды өзі жасайды
Қаржы саласының Айбар Олжайдың пікірінше, барлығы да салымшының өз қолында.
«Ол ештеңе аудармай-ақ, мемлекетік бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қала берсе де болады. Олардың табыстылығы қатты төмен деп айтуға болмайды. Сол нарықтың орта табысының консервативтік портфелімен мемлекеттік қор береді. Менің ойымша, зейнетке шығуға 5-6 жыл қалған адамға көбінесе осы мемлекеттік қорда қалған дұрыс-ау. Жаңашылдық тек қана оң жағынан бағаланады. Біріншіден, нарықта толық бәсекелестік пайда болды. Яғни, жекеменшік компаниялардың белгілі бір кластері пайда болады. Ол нарыққа оң серпін береді. Сонымен қатар бізде зейнетақы салымдарын инвестициялау мәдениеті пайда болады. Яғни, адамдар өз таңдауын өздері жасайды», – деп есептейді ол.
Сарапшы жеке басқарушы компанияның жұмысына өте қатаң талаптар қойылатынын айтты.
«Біріншіден, ол өзінің операциялық шығындарына салымшылардан келіп түскен ақшаны пайдалана алмайды. Ол шоттар мүлдем бөлек болады. Мысалы, салымшы қаражатын компанияға аударды, бірақ компания ол ақшаны алып, айлық төлеуге, кеңсенің жалға алу құнын төлеу сияқты қызметтерге жұмсай алмайды. Қаражатты тек қана басқаруға алады, түрлі қаржылық құралдарға салады, сол арқылы табыстылық көрсетеді. Сонда одан табатын табысы – комиссия. Мәселен, қанша ақшаны алып басқарды – соның комиссиясын алады. Әр басқарушы компанияның комиссиясы әртүрлі. Салымшыға да соған қарау керек», – дейді сала маманы.
Банкрот болып кетеді немесе толық шығынға кетеді деген негіз жоқ, өйткені оларда резервте белгілі бір капитал қарастырылады. Ақшасы жоқ компания жайдан-жай басқарушы компания болып, азаматтардың жинақтарын басқара алмайды. Ол бойынша қатаң, пруденциалды өзіндік нормалар бар. Ең сенімдісі – капиталы жоғары, деп есептейді Айбар Олжай.
Дереккөз: inbusiness.kz