Вс. Май 5th, 2024

Сенат көптен бері талқыланып келе жатқан әйелдер мен балалардың құқын қорғауды көздейтін заң жобаларын мақұлдады. Заң жобалары қол қою үшін президентке жолданды.

Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заңды мақұлдады.

Депутат Жанна Асанованың айтуынша, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.

«Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес келетін жаза тағайындауды және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр», – деді Жанна Асанова.

Заң жобасында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салу көзделген.

Мәселен, жас баланы өлтіргені, жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Сонымен бірге әйелдер мен балалардың құқын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығы туралы нормалар да бекітіледі.

«Негізгі Заң Қазақстан Республикасының 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заң «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске түзетулер енгізуді көздейді. Кәмелетке толмағандарды жәбірлеу және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті және басқа да түзетулерді көздейді», – деді сенатор.

Заңда ата-ана құқығынан айыру туралы норма бар ма?

Заң жобасында «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді» деген норма бар.

Депутат Дархан Қыдырәлі осы нормаға байланысты ата-аналардан көптеген сауал келіп түсетінін айтты. Көбінде ата-аналарды ата-ана құқынан айыру мәселесі толғандыратынын жеткізді.

«Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу мәдениет қалыптасып орнығуы үшін қарастырылып отырған заң маңызды. Бұл заңды қолдаймын. Десе де, толғандыратын мәселелер бар. Заңның тұжырымдамалық нормаларының бірі  – денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғуды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы қылмыс санатына жатқызу. «Неке және отбасы» туралы заң нормаларына сәйкес ата-аналар өз баласының, жұбайының немесе басқа да отбасы мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде ата-ана құқығынан айырылады. Бұл белгілі. Осы ретте бізге келіп жатқан өтініш хаттарда айрықша алаңдаушылық білдіретін жайт ата-ананың балаға қатысты Қылмыстық кодекстің жаңа 108-1 және 109-1-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауы оны автоматты түрде ата-ана құқығынан айыруға әкеп соқтырмай ма?»,  – деп сұрады.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес ата-аналар құқығынан айырудың негізгі себептерінің бірі ата-аналардың өз балаларына қатысты қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар екенін айтты.

«Бізде осындай жағдайға тап болған отбасыларды қиын жағдайдан шығару бойынша алдын-ала жұмыстар жүргізіледі. Ол кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қарауымен жүргізіледі. Сонымен бірге отбасын қолдау орталықтары және психологиялық қолдау орталықтары да бұл жұмысқа жауапты. Мұндай жағдайда ата-аналар құқығынан айыру тек соттың шешімімен және қылмыстық іс-әрекеттер дәлелденген жағдайда ғана жүргізіледі», – деді.

ІІМ орынбасары Игорь Лепеха ата-ана құқығынан айыру процесі ұзақ тексерулерден кейін ғана жүзеге асырылатынын айтты.

«Бірінші кезекте бұл мәселені кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарайды. Содан кейін сот қарайды. Ол жерде сот барлық жағдайды тексереді. Ата-аналардың жеке басы тексеріліп, олардан балаға төнетін қауіп толық зерттеледі. Содан кейін ғана сот шешім шығарады. Бұл заң ата-ана құқығынан айырылғандар санының көбеюіне әсер етпейді. Сонымен бергі заңда ұрып-соғуға қатысты бірінші жағдайда тараптардың татуласуына жол берілетіні жазылған. Бұл жағдайдың ұшығып кетпеуі үшін жасалып отыр», – деді Лепеха.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қолданыстағы «Неке және отбасы» туралы заңда бұл норма бар екенін айтты.

«Қазіргі қолданыстағы нормада бұл заң бар. Қылмыстық құқық бұзушылық жасап жатқан ата-аналар осы заң негізінде жауапқа тартылып жатыр. Алайда бізде жаппай ата-ана құқығынан айыру жағдайлары жиі кездесіп жатқан жоқ. Сәйкесінше бұл заң қабылданса, жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмейді. Бұл  – қате түсінік. Бұл норманы қате түсініп жатқан секілді. Заңда мұндай норма жоқ. Бұл заң ата-аналарды құқығынан айыруды көздемейді. Заңның негізгі міндеті әйелдерді қорғау мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Әшімбаев.

Еске сала кетсек, бұл заң жобасы Мәжілісте біраз уақыттан бері талқыланды. Депутат Жұлдыз Сүлейменова бала құқын қорғауға қатысты заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту мәселесі қарастырылмағанын айтқан болатын.

«Көбісі ата-анаға қатысты заң талаптары күшейе ме деп сұрап жатыр. Жоқ. Ата-аналарға қатысты заңды күшейту нормалары қарастырылмаған. Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге арналған, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке отбасы заңнамасының қағидаттарын бекітуді ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, жаһандану кезеңінде бұл өте қажетті норма», – деді депутат.


Дереккөз: Kursiv.kz