Вт. Ноя 24th, 2026

Қолданыстағы тәртіп бойынша әлеуметтік төлемдерді есептегенде айлық табыс 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқылы, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әлеуметтік төлемді кімдер және қашан алады?

Әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және өздері үшін жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар төлеген әйелдерге тағайындалады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар әлеуметтік аударымдарды өздері аударады.

Төлем тағайындауға жүктіліктің 30-аптасынан бастап рәсімделетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негіз болады.

Әлеуметтік төлемді алу үшін Қорға дәрігер берген (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы) анықтаманы алған күннен бастап 12 ай ішінде өтініш беру қажет.

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем мөлшері қалай есептеледі?

Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу кезінде ақпараттық жүйе 2 негізгі көрсеткішті ескереді.

Болашақ ананың ресми табысы: Жүйе әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар есептелген орташа айлық табысын негізге алады.

Бұл ретте есепке алынатын айлық табысқа шектеу қойылған: ол 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл сома 595 000 теңгені құрайды.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл ретте 770 мың теңге – төленетін жәрдемақы емес, оны есептеуге негіз болатын ең жоғары айлық табыс.

Еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай тиісті коэффициент қолданылады. Қалыпты босану кезінде (126 күн) коэффициент 4,2-ні, ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда (140 күн) 4,67-ні құрайды.

Ядролық сынақтар жүргізілген аймақтарда тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.

Егер босанғаннан кейін асқынулар туындаса және қосымша 14 күнге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілсе, Қор әлеуметтік төлем мөлшерін автоматты түрде қайта есептейді.

Бала күтіміне байланысты берілетін төлемдер де өседі

Ай сайынғы бала күтімі төлемінің есептік шегі де өзгереді. Ол соңғы 24 айдағы орташа табыстың 40 пайызы бойынша есептеледі.

Жаңа шекке сәйкес, төлемнің ең жоғары мөлшері міндетті зейнетақы жарнасына дейін 308 мың теңгеге жетуі мүмкін.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу