Вт. Сен 1st, 2026

Бұл мәселе Құрылтай жиынында қаралды.

Олжас Бектенов Премьер-министр ретінде қызметін жалғастырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Екінші мәселе – Премьер-министрдің кандидатурасы туралы. Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан біз осы жиында Премьер-министрдің кандидатурасын бекітуіміз қажет. Мен бүгін Құрылтайға өткен партиялардың фракция жетекшілерімен бірге осы мәселені талқыладым. Үкімет басшысы лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынамын», – деді Президент Құрылтайда өткен жиында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бектенов мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. 

«Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Құрылтай депутаттары Президенттің ұсынысын қолдап дауыс берді. 

Бұған дейін Президент Құрылтайдағы партия фракцияларының жетекшілерімен кездескен болатын. Кездесуде Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде мәселе қаралды. 


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу