Келесі жылы отандық нарыққа Shanghai Spacecom Satellite Technology жəне Amazon LEO шығады деп күтілуде.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Елімізде ауылдардың арасы алшақ. Оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Бұл – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы. 1 қазанда OneWeb жəне Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілді. Beeline жəне Starlink Mobile компанияларымен бірге Direct-to-Cell технологиясын іске қостық», – деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, смартфон спутникке тікелей қосылады. Соның арқасында еліміздің кез келген жерінен хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады.
«Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді. Оны iOS жүйесіне де бейімдеп жатырмыз. Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology жəне Amazon LEO шығады деп күтілуде. Нəтижесінде Қазақстан осы төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ», – деп атап өтті министр.
Вице-премьер станциялардың ел аумағында орналасуы ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай деп отыр.
Дереккөз: inbusiness.kz