Пн. Дек 23rd, 2024

Грузияда халық толқулары жалғасуда.

Президент Саломе Зурабишвили Парламент сайлауын қайта өткізіп, жаңа депутаттық корпус іске кіріскенге дейін өз лауазымында қала беретінін жариялады.

Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе одан отставкаға кетуін талап етті және биылғы 14 желтоқсанда Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Жаңа заң бойынша Грузияда енді Президентті халық сайламайды, оны Парламенттегі сайлауда басымдыққа ие билеуші партия таңдайды.

NewsGeorgia агенттігінің хабарлауынша, күш құрылымдары шерушілерді су атқыштармен, көзден жас ағызатын газбен аяусыз қуып, белсенділерін тұтқындап әкетіп жатыр.

Кеше Тбилисидің бір ғана Руставели даңғылында тағы 50 адам ұсталғаны айтылды. Чавчавадзе даңғылында полиция наразылық акциясына қатысушыларды соққыға жыққан. Бұдан бөлек, Грузия Денсаулық сақтау министрлігі 44 қатысушының ауруханаға жеткізілгенін мәлім етті. Арасында журналистер де көп.

Арнайы жасақтар шерушілерді Парламент алдындағы үлкен алаңнан тықсырды. Бірақ толығымен қуып таратуға қауқарсыз болды.

«Өткен түнде Тбилисиде ғана 107 адам тұтқындалды. Батумидегі наразылық акцияларына қатысушылар ұсталуда. TV Pirveli журналист қызы Тбилисиде соққыға жығылып, ауруханаға түсті. Грузия Парламентінің жанына барғандар жаппай тұтқындалып жатыр», – дейді NewsGeorgia агенттігі.

Наразы жұртты қатыгездікпен ұрып-соғып, қуумен айналысатын жасақтардың жанынан таяп барып, грузин тілінде ақылын айғайлай айтқан кейуананы көгілдір көзді жауынгерлердің түсіне алмай, оған аңтарыла қарағаны бейнеленген видео «вирусқа» айналды.

Соған қарап, кейбір сарапшы Грузияға Ресейден арнайы жасақтар енгізілгені туралы болжам жасады. Бұл жорамалды әрине, грузиялық құқық қорғау органдары жоққа шығарды.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар, соның ішінде жергілікті және шетелдік ақпарат құралдары: «Грузиядағы саяси ахуалды тұрақтандыру үшін Ресей әскерін кіргізсе, Түркия грузиндерге көмекке келуі мүмкін бе?» деген сұрақты талқыға салуда.  

Президент Аслан Масхадовтың көмекшісі болған шешеннің мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінде «Кавказ халықтары Ассамблеясының» президенті Руслан Кутаев Дмитрий Гордонның арнасына сұхбатында ондай мүмкіндікті жоққа шығармады.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бұрынғы Осман империясы аумағында өз елінің ықпалын орнатуға күш салуда. Оған кезінде Кавказ өңірі де кіргені мәлім. Демек, Ердоған мырза Грузияға өзге елдің әскері кірсе, 2008 жылғыдай соғыс болса, көмекке келуі мүмкін бе?

«Меніңше, Ердоған Грузияға, Солтүстік Кавказға Түркия әскерін жіберуге бармайды. Алайда айлакер, тісқаққан саясаткер Ердоған Түркияның ықпалын өрістету мүмкіндігін қапысыз танып, қалт жібермейді. Біздің «Кавказ халықтары Ассамблеясының» төралқасы Грузия Президенті Зурабишвилиге үндеу жолдадық. Онда егер Грузия халқының саяси белсенділігін басу үшін Ресей әскер кіргізсе, шапқыншылық жасаса, біз, Кавказ халықтары Грузияның тәуелсіздігін қорғау үшін көмекке келуге дайындығымызды білдірдік. Ол үшін Грузия Президенті мен оппозиция бізге сұраумен жүгінуі керек. Бұл жай сөз емес, біз үндеу жасамас бұрын Кавказ халықтарының жетекшілерімен кеңес-консультациялар өткіздік», – деп сендірді Руслан Кутаев.

Ол Түркияның аумағында миллиондаған кавказдық тұратынына назар аудартты.

«Түркияда орасан көлемде кавказдықтар тұрады. Олар Грузиядағы оқиғаларды мазасыздана бақылауда. Егер Грузияға жау әскері кірсе, олар байыз тауып отыра алмайды. Грузия батысы мен оңтүстігінде Түркиямен шектеседі. Меніңше, мұндай жағдайда Анкара шекараларын аша қойып, Грузия жағында сыртқы дұшпанға қарсы шайқасқысы келетіндерді қоя береді. Оның үстіне, олар белсенді ұрыс қимылдарын жүргізу үшін керектінің бәрімен жабдықталады. Прокси-соғыстың тәсілдерін Ресей ғана емес, азиялық держава Түркия да жақсы игерген. Түркия Грузияға әскерін жібермейді, бірақ барғысы келетіндерге кедергі келтіруі неғайбыл. Сондай-ақ Украина жағында соғысып жатқан грузиндер де Грузияға сырттан шапқыншылық болса, Отанына аттануға әзір екендерін жариялады», – деді Кутаев.

Ол Түркияның күш-қуаты қарқынды түрде артып келе жатқанын жеткізді. Теңіз флоты, әскери авиация жөнінен Ресейден асып түсті.

«Бір жылдай бұрын Түркия мен Ұлыбритания бірлесе қорғану туралы стратегиялық келісім бекітті. Бұл екі патшалықтың одақтастығы тарихтан тамыр тартып жатыр: Британия корольдігі Кавказдағы өз мүдделерін қорғауды Түркияға сеніп тапсырып келгенін, сол үшін қолдау көрсеткенін білеміз. Сондықтан болашақта өңірде геосаяси ахуал ушығып, Кавказ немесе Қырым үшін қақтығысқа Түркия араласса, ол Ұлыбританиядан көмек алуы мүмкін», – деді «Кавказ халықтары Ассамблеясының» президенті.

Оның пікірінше, саяси дағдарыс тығырығына тірелген Грузияға Ресей әзірге әскер кіргізбейді.  

Өз кезегінде ресейлік «Lenta.ru» Грузияның «Грузин арманы» партиясы тағайындаған қазіргі билігі де осыдан біраз бұрын территориялық тұтастығын қалпына келтіруде Түркиядан қолдау сұрағанын еске салады. Бірақ ол кезде мәселе Абхазия мен Оңтүстік Осетияны болашақта Грузияға кері оралту жайында болған екен. Тбилисидің Анкараға осындай сұраумен жүгінгенін елдің сыртқы істер экс-министрі Давид Залкалиани хабарлады.

Өз кезегінде Түркия лидері Режеп Тайып Ердоған үнемі «Грузия территориясының оккупациялануына жол беруге болмайтынын» мәлімдеп келеді және одан бөлінген Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындамады.

Рондели қорының сарапшысы, белгілі түрколог Зураб Батиашвили Грузияның Ресейдің шылауында кетпей, Түркиямен жақындасқаны стратегиялық тұрғыдан орынды болатынын айтады.

Басқаны айтпағанда, кезінде, 1118 жылы грузиндердің бытыраңқы княздықтарының бірігіп, тәуелсіздігін сақтап қалуына түркітілдес халықтар көмектескені мәлім. Сонда Грузия патшасы Давид IV Строительдің шақыруымен, қазақ-қыпшақ ханы Артық 200 мыңдай адаммен таудан асып барып, көмекке жетті. Қыпшақтар барғанға дейін Давидтің бүкіл әскері 10-15 мыңдай ғана болған.

«Түркияға келсек, Кавказ өңірінде оның өз мүдделері бар. Бірақ Ресейден айырмашылығы: Түркия өңірде тікелей әскери қимыл жүргізбейді. Ол Әзербайжанға Қарабахты өзге аудандарымен қайтаруға көмектесті. Яғни, Әзербайжанды қуаттандыра отырып, Кавказдағы өз ықпалын қуаттандырды», – деді түрколог.  

Оның айтуынша, Грузия мен Түркияның қарым-қатынасы әрдайым тығыз, жақсы болды. Тбилиси қиын-қыстау заман болса, енді Кавказдағы ықпалын күшейткен Анкараға иек артуы ғажап емес.

Грузияның қазіргі билігі өз мемлекетінің Еуропалық Одаққа мүше болуы келіссөздерін доғарып тастап, Еуропамен қатынасын бүлдіріп алды. Зураб Батиашвилидің байламынша, мұндай жағдайда Кавказ өңіріндегі НАТО-ның жалғыз өкілі – Түркия болып қалды.

Сарапшының айтуынша, Түркия үшін Грузияның диктатура емес, демократиялық ел болғаны маңызды. Демократиялық Грузия дегеніміз – батысшыл ұстанымдағы, адам құқықтарын, соның ішінде өз аумағындағы азшылық ұлттардың мүддесін қорғап, құрметтейтін Грузия деген сөз.

Сондықтан, оның пікірінше, Грузияда ресейлік ықпалдың күшейе беруі Түркияға да, тіпті Арменияға да тиімсіз. Армения қазіргі кезде ҰҚШҰ, Еуразиялық одақ сияқты ресейлік жобалардан іргесін аулақ салып, Еуропамен, әсіресе, Франциямен саяси және әскери ынтымақтастығын өрістетуде.

Егер Грузия Еуропадан алыстаса, еуроинтеграциядан бас тартса, онда Грузияның ар жағында отырған, Еуропамен шектеспейтін Арменияны ешкім Еуроодаққа мүшелікке қабылдамайды. Оның тіпті Еуропаға қатынар жолы да қалмайды. Грузияны өз ықпалына толық көшіру арқылы Ресей Армения үшін де «Еуропаға жолды» жауып тастайды.


Дереккөз: inbusiness.kz