Пн. Авг 17th, 2026

Бірлескен мәлімдеме жасады.

Сегіз елдің сыртқы істер министрліктерінің басшылары Израильдің АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа жоспарын орындаудан бас тартуын айыптады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап. 

Түркия, Мысыр, Индонезия, Иордания, Пәкістан, Қатар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрлері Израильдің АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа жоспарын орындаудан бас тартуын сынға алды. Жоспар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2803 қарарымен мақұлданған.

Бірлескен мәлімдемеде министрлер Израильдің ұстанымы жоспардың жүзеге асуына және Газа секторында әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату жөніндегі халықаралық күш-жігерге қауіп төндіретінін айтты. Олардың пікірінше, жоспарды орындаудан бас тарту Израильдің Газа мен Палестинаның басқа да басып алынған аумақтарында бейбітшілік орнатуға бағытталған бастамаларға кедергі келтіруге жауапты екенін көрсетеді.

СІМ басшылары соғысты тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін жоспарды дереу әрі толық жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Министрлердің сөзінше, тұрақты әрі әділ бейбітшілікке 1967 жылғы шекаралар негізінде екі мемлекет құру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бұл ретте астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құру көзделеді.

Сондай-ақ олар АҚШ-ты жоспардың орындалуын қамтамасыз етуге белсенді қатысуды жалғастыруға шақырды. Ал Бейбітшілік кеңесіне жоспардың жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешу үшін «шұғыл әрі нақты шаралар» қабылдау ұсынылды.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу