Кредит рәсімдеуге тыйым салынатын қазақстандықтардың санаты келесі жылы күрт артады.
Алматы тұрғыны Раим Якушев (тегі өзгертілді) көлігін тозығы жетпей ауыстыруға әуес. Жылына бір рет, кейде жарты жылда бір рет жаңа көлік сатып алады. Барлық маркадағы «темір тұлпарларды» тізгіндеп мінген оған достары, таныстары қызыға, қызғана қарайды. Бойжеткен атаулы көз сүзе қарайтын аңсарлы жар. Бір апта бұрын 65 миллион теңгедей қаражатқа 2024 жылы шыққан «Lexus GX 550» моделін сатып алыпты. Кредитке…
«Мен – кредитоманмын. Автомобильдерді 2015 жылдан несиеге ала бастадым, сол жылы мемлекет жеңілдікті автонесиелендіру бағдарламасын іске қосты. Содан бері тоқтай алар емеспін. Қазіргі кезде мойнымда 23 несие бар. Банктерден, микроқаржы ұйымдарынан алғанмын. Үлкен көлемде кредитімнің барын ашық айтамын. Банктің кредиттік бөліміндегілер еш уайымсыз келесісін бере салады. Өйткені кредит тарату және одан пайда көру – банкирлердің басты кәсібі, табысының негізгі бабы. Автокредит – тіпті алтын сандық, алтын бұлақ. Ол қымбат көлік түрінде кепілмен қамтамасыз етілген. Міндетті түрде сақтандырылған. Онда неге бермеске? Тіпті табыс туралы анықтама да сұратпайды», – дейді Раим.
Қаржы саласында жоғары жалақыға жұмыс істеген, күні сол айлық табысқа қарап тұрған. Үйленіп, отау құрмауының бір себебін де осыдан көреді. Қарызының бір бөлігін Ресейдегі кәсіпкер ата-анасы төлейді.
«Көлікті сонша жиі ауыстыра берудің мәні жоқтығын түсінемін. Бұрынғы үш көлігім өтпей тұр. Осымен тоқтайын деп ұйғарғанмын. Алайда жаңа бір көліктің тұсауы кесілсе немесе кеңінен танылса, оны қалай алғызуға болады деп жолдарын іздей бастаймын. Оған қол жеткізу үшін ақшалай қорың да болуы шарт емес, банктер бере салады. Жаңа көлік жаңа ойыншық сияқты. Бірақ солар үшін алынған несиелер, тіпті де, ойыншық емес. Мұраға қалған қымбат баспананы да сатып жіберуге тура келді. Кейде өзімді лудоман ретінде тіркетіп, заем беруге ерікті түрде тыйым салғызу туралы ойлаймын. Бірақ олай істесем, өмірде мән де, сән де қалмайтындай көрініп кетеді», – дейді Раим.
Сарапшылар кредитқұмарлар әуестігінен ешқашан ерікті түрде бас тарта алмайтынын, сондықтан оларға тыйым түрінде сырттан «серпін» беру керектігін айтып жүр. Осыған байланысты Парламент психикалық ауытқушылығы бар адамдарға, нашақорларға, лудомандарға және басқа адамдарға банктер мен МҚҰ-лардың несие беруіне тыйым салу мәселесін пысықтауда.
Тиісті өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы аясында қарастырылып жатыр. Құжатты Мәжіліс таяуда бірінші оқылымда, тұжырымдамалық түрде мақұлдады. Енді екінші оқылымда қабылдауға әзірлеуде.
«Бүгінде жұмыс тобы аясында психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдарға, ставкаларды есепке алу орталығының дерекқорындағы лудомандарға, сондай-ақ Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі адамдарға кредиттер мен микрокредиттер беруге тыйым салу жөніндегі ұсыныстар қаралуда. Қаржылық, отбасылық және әлеуметтік проблемалардың алапат көлемі де дәл осы санаттармен байланысты. Депутаттар психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдарға және лудомандарға қарыз беруге тыйым салуды қолдайды», – деді мәжілісмен Ержан Бейсенбаев.
Дегенмен, бұл тыйымның тәжірибеде қалай жүзеге асырылатынына қатысты мәселелер жетерлік. Мысалы, психикалық ақауы бар, борышқа шектен тыс батқан немесе ойынқұмар адамдардың ортақ тізім-базасы жоқ. Салдарынан, кредит беру кезінде банктер мен МҚҰ-лардың мұндай адамдарды тексеруі қиын. Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар туралы ақпарат ашық емес. Ол медициналық құпияға жатады және дербес деректер ретінде заңмен қорғалады.
Олардың құқықтарын бұзбай, бұл тетікті қалай жүзеге асыруға болатыны да әзірше нақты анықталмапты. Егер бір шешімі табылмаса, тыйым енгізілмей қалуы мүмкін.
Банктер мен МҚҰ-ларды бақылайтын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл бастаманы өздерінің қолдайтынын мәлімдеді.
«Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтарға кредит беруді шектеу жөніндегі ұсынысты біз қолдаймыз! Қолданыстағы Азаматтық кодексте оның бір тетігі көрсетілген: туысқандары талап арыз беріп, ол тұлғаларға сот шешімімен кредит беруді шектеп тастай алады. Осыған қосымша ретінде біз нормативтік деңгейде бірқатар түзетулерді дайындадық. Мұны банк, МҚҰ деңгейінде жасауға болады. Оларда несие беру кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі бар, сол арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары осы санатқа жататын азаматтарға «жоғары тәуекел» мәртебесін белгілейді. Тиісінше, оларға кредит берілмейді», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Ендігі мәселе – осындай «жоғары тәуекелі» бар адамдарды анықтау, идентификациялау. Ол үшін ұдайы өзектілендірілетін ортақ база қажет.
«Ондай санаттағы азаматтар бойынша мәліметтің бәрі Кредиттік бюрода болуы керек. Банктер Кредиттік бюродан тиісті ақпараттарды орталықтандырылған түрде алып, «жоғары тәуекел» деген мәртебе берер еді. Біз бұл жұмысты өткен жылдан бері лудомандар бойынша бастап, жасап жатырмыз. Барлық ақпарат Кредиттік бюрода жиналады, олар арнайы тізім жасайды. Мысалы, соңғы 6 айда онлайн-казиноларға және басқа платформаларға тұрақты түрде 300 мың теңгеден астам қаржы аударған азаматтар сол тізімге енгізілетін болады», – деді Агенттік төрайымы.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, қазіргі уақытта ведомствоның жүйесінде наркомания бойынша 18 мыңнан астам адам динамикалық бақылауда тұр.
«Бірақ наркологиялық есепте тұрған адамдар туралы ақпаратты ашық етуге қатысты мәселе бар. Бұған заңмен тыйым салынған. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 273-бабында медициналық құпия деген норма бекітілген. Кез келген адамның диагнозы оның дербес дерегі болғандықтан өзінің келісімінсіз оны жариялауға болмайды. Оны жариялау тек соттың шешімімен, болмаса науқастың өзінің жазбаша рұқсатымен немесе оның заңды өкілінің рұқсатымен ғана жүзеге асады», – деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары.
Олай болса, ортақ «қара тізімге» өз бетінше жазбаша келісім бергендердің және соттың тиісті шешімі барлардың аты-жөні, деректері енгізілуі мүмкін.
Әділет министрлігі өкілдерінің түсіндіруінше, егер заңда тиісті шектеулер қарастырылса, онда банктер мен МҚҰ-лар кредит бермейтін «жоғары тәуекелі» бар клиенттердің «қара тізіміне» кез келген адамды қоса алады. Бірақ асыра сілтеу болмауы, тыйым әділдік аясынан шығып кетпеуі үшін бұл тетікті әлі де болса, жете пысықтаған жөн екен.
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Конституцияның 39-бабына сәйкес, «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана заңмен шектелуі мүмкін» екенін айтты.
«Сондай-ақ Конституциялық соттың нормативтік қаулыларында көзделген ұстанымына сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарына заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Осыған байланысты ұсынылған шектеудің бұл мақсаттарға сәйкестігін жан-жақты талқылау қажет деген ойдамыз», – деді вице-министр.
Дереккөз: inbusiness.kz