Ср. Авг 12th, 2026

Сарапшылар бұл мәміленің қаншалықты сауатты болғанын талқылауда.

Ресейдің тұрғын үй нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірі саналатын «Самолет» тобының акционерлік құрамында күтпеген өзгеріс болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық Fonte Capital Ресейдің проблемалы «Самолет» девелоперінің 18%-ға жуық акциясын ресейлік олигархтың отбасынан сатып алды. «Самолет» компаниялар тобының теңқұрылтайшысы Михаил Кениннің мұрагерлерінің мүддесін білдіретін «Горизонт» қоры компанияның 17,58% акциясын сатты, деп хабарлады interfax.kz.

Осылайша, көрші елдің жылжымайтын мүлік нарығын ен жайлаған алпауыт құрылыс компаниясының елеулі үлесі Қазақстан капиталының қолына өтті.

«Самолет» тобының негізін қалаушылардың бірі Михаил Кениннің мұрагерлері бенефициар болып табылатын «Горизонт» қоры ресейлік девелопердегі өзіне тиесілі акциялар пакетінің барлығын дерлік сатып жіберді. Шамамен 18% қарапайым дауыс беруші акцияны қазақстандық Fonte Inceptia Alpha Fund OEIC Limited инвестициялық компаниясы сатып алды», – деп мәлім етті «Самолет».

Мәміле 2026 жылдың 30 шілдесінде өтті. Оның егжей-тегжейі тек енді ғана белгілі болды.

Сатып алушы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген және Fonte Capital Ltd басқаруында. Сатып алу-сату үшін қажетті барлық реттеуші органдардың мақұлдаулары алынды, – деп хабарлады fergana.agency.

Мәміле сомасы жария етілмеді. Алайда «Коммерсантъ» жариялағандай, 10 тамыздағы жағдай бойынша «Самолеттің» капитализациясы шамамен 23,4 миллиард рубль болғанын ескерсек, 18% пакеттің құны шамамен 4,2 миллиард рубльді құрауы мүмкін еді.

Өз мәліметіне қарағанда, Fonte Capital 24 қорды басқарады. «Самолет» акцияларын сатып алу арқылы қазақстандық инвестқұрылым жылжымайтын мүлік секторындағы үлесін кеңейтеді.

Бұл жерде әңгіменің қызықты тұсы – акциялардың жай ғана сатылып алынуында емес, оларды кімнің сатқанында және мәміленің қандай жағдайда жасалғанында. Ресейлік ірі девелопер Михаил Кенин 2025 жылы қаза тапқан. Оның мұрагерлерінің нақты есімдері көпшілікке жарияланбағанымен, кәсіпкердің артында жұбайы және екі баласы қалғаны белгілі.

Олардың мүддесін ілгерілететін «Горизонт» қоры «Самолет» акцияларының 29,12%-ын 2026 жылдың ақпанында алған еді. Бұл кезде ресейлік миллиардердің мұрагерлері компанияның ірі акционерлерінің біріне айналған.

Алайда одан кейін пакет көлемі біртіндеп қысқара бастады. Мамыр айында қор шамамен 3% акциясын сатты. Маусымда оның үлесі 19,68%-ға дейін төмендеді. Енді 18%-дық ірі пакеттің сатылуы нәтижесінде «Горизонттың», яғни, компанияның басты қожайындарының қолында бар-жоғы 1,68% акция ғана қалады. Демек, Кенин мұрагерлерінің «Самолет» тарихындағы ірі акционер ретіндегі кезеңі іс жүзінде аяқталды.

Мұның өзі бизнестегі капитал қозғалысының табиғатын аңғартады. Бай байға құяды, бірақ осы ағын барысында бір байдың ауқаты дариядай тасыса, екіншісі көлге айналуы мүмкін. Сарапшылар мұндай жаппай сатылымның түп-төркінін болжап дал: мұрагерлер не осы арқылы активтерін әртараптандыруды ойлап отыр, немесе құрылыс бизнесінен толық шығуды көздеуі мүмкін.

Қарыздың көлеңкесі қоюланған шақ

Сонымен бірге «Самолеттің» қиын қаржылық жағдайы да қожайындарын осындай шетін шешімге итермелеуі ықтимал. «Самолет» – Ресейдегі тұрғын үй құрылыс көлемі жөнінен ең ірі девелоперлердің бірі, сондай-ақ қазіргі құрылысының ауқымы бойынша көшбасшы компания. «Наш.Дом.РФ» ақпараттық жүйесінің дерегінше, оның бір мезгілде жүргізіп жатқан құрылысының көлемі шамамен 4,27 миллион шаршы метрді құрайды. Кей деректерде бұл көрсеткіш 4,71 миллион м2 деп көрсетіледі.

2025 жылы компанияның түсімі 8%-ға өсіп, 366,8 миллиард рубльге жеткен. Бірақ табыстың өсуі қаржылық нәтижені жақсарта алмады: «Самолеттің» таза қаржылық қорытындысы бір жыл бұрынғы 8,2 миллиард рубль пайдадан 2025 жылы 2,3 миллиард рубль таза шығынға дейін құлдырады.

Бизнесінің салмағы осында. Миллиондаған шаршы метр құрылысы, жүздеген миллиард рубль ақша айналымы бар алып компанияның өзінде ақша ағыны мен қарыз жүктемесі проблемасы күн тәртібіне шыққан. Тұрғын үй нарығындағы үлесінің үлкен болуы автоматты түрде қаржылық тұрақтылықты білдірмейді. Ұзақ мерзімді инвестицияны қолжетімсіздігі, банк кредитінің қымбаттауы және халықтың сатып алу қабілетінің құлдырауы Ресейдің құрылыс саласының қабырғасын қақыратуда.

Ресейлік «Метриум» коммерциялық директоры Дмитрий Проскуриннің пікірінше, «Самолеттің» жаңа ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндігі жоқ. «Бұл топтың жобалық қарызы бүгінде 650 миллиард рублге жетті. Ал, эскроу-шоттарындағы қаражат көлемі небәрі 400 миллиард рубль ғана», – деді ресейлік сарапшы.

2026 жылдың басында «Самолет» компаниялар тобының менеджменті РФ Үкіметіне жеңілдетілген кредит түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрап жүгінген болатын. Алайда билік тікелей субсидиялардан бас тартты.

Активтерді қысқарту – амал ма, әлде дабыл ма?

Сонымен қатар, «Самолет» күйзелістен құтылу үшін өз иелігіндегі учаскелерді жанталаса сатуда. Компания Жаңа Мәскеудегі ірі учаскесін қайтадан саудаға шығаруы мүмкін, өйткені бұл аумақ кез келген жағдайда дамытылады. Мәскеу билігі «компания қиналған екен» деп бұл «майшелпек» ауданның қаңырап бос жатуын қаламасы даусыз.

IBC Real Estate компаниясының жер активтері және девелопмент бағытының басшысы Дмитрий Шелковскийдің есептеуінше, 736 гектарды игеру айтарлықтай қаржылық шығынды және мол инвестицияларды – шамамен 100 миллиард рублді қажет етеді. Оның үстіне мұндай жобаны өркендетудің көкжиегі он жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Ендеше дәл қазір қайтарым, мол табыс әкелуі күрделі.

Қалай болғанда, ресейлік сарапшылардың байламынша, компания жаңа алып жобаларды бастау жоспарын қайта қарауға мәжбүр. 2025 жылы «Самолет» Мәскеудің Жаңа аумағындағы Щаповское елді мекеніндегі ірі кешенді аумақты дамыту жобасынан да шықты. Компания бұл жобадағы 75 пайыз үлесін 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеу қаласының мүліктік құрылымдарына қайтарды.

Бұған дейін, 2025 жылдың наурызында, осы үлесті сатып алу үшін 4 миллиард рубль төлеген еді. Жоба бойынша 16 Ватикан мемлекеті сыйып кететін осынау ұланғайыр аумақта 7 мыңнан астам коттедж, шамамен 1,9 мың пәтер мен таунхаус, іргелес жер телімдері есебінен жалпы көлемі 825 мың шаршы метр тұрғын үй, сондай-ақ коммерциялық және әлеуметтік инфрақұрылым салу жоспарланған.

Құрылыс 2026–2027 жылдары басталуға тиіс еді. Алайда нарық ахуалының қиындауы және ресейлік құрылыс алпауытының қарыз жүктемесі оны ақыры алып жобадан бас тартуға итермеледі.

Бұл – бір ғана мысал емес. «Самолет» соңғы кезеңде бірқатар жер телімдері мен жобалардан арылуға тырысты. 2026 жылдың басында Мәскеудегі Мосфильм көшесіндегі 2,9 гектар аумақты Upside Development компаниясына берді. Мәскеу маңындағы Люберцы қаласындағы «Егорово парк» тұрғын үй кешені құрылысы жобасының бір бөлігін «Брусника» компаниясына табыстады.

2025 жылы топ Мәскеу облысы Одинцово қаласындағы «Рублевские кварталы» жобасының бір бөлігін сол «Брусникаға», сондай-ақ Владивостоктағы 0,5 гектар жерді банкир Игорь Кимнің «Астон» тобына сатты.

Қазақстан капиталының жаңа кеңістігі

Бірақ сарапшылар қазақстандық топ ұтылмауы мүмкін екенін болжайды. Ресейдің жылжымайтын мүлік нарығы ірі болғандықтан шетелдік сатып алушылар да табылады. Ақпарат құралдарының дерегінше, РФ бойынша жаңа тұрғын үй сатылымы бұрынғыдай еселеп болмағанымен, жалпы пайыздап өсуде.

«Дом.РФ» есебіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысында девелоперлер 10,8 миллион шаршы метр салынып жатқан тұрғын үйді өткізген. Бұл өткен жылғыдан 6% көп. Нарықтағы түсім 11% өсіп, 2,3 триллион рублге жеткен.

Бірақ Мәскеуде жағдай күрделірек: мұнда барлық құрылыс компанияларының сатылымы 27%-ға құлдырап, 1,3 миллион шаршы метрді құрады. «Самолет» дәл осы Мәскеуде миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салып жатыр.

Соған қарамастан компания жобаларының сатылым қарқыны жалпы нарықтан жоғары көрінеді. «Самолет» жобаларының сатылып қойған бөлігі 37%. Салыстырсақ, Ресей бойынша орташа көрсеткіш 31%.

Ендеше мәселе сұраныстың мүлде жоғалуында емес. Негізгі түйткіл – санкция астындағы РФ-та капиталдың қымбаттауы, жоғары қарыз жүктемесі және бірнеше жыл бұрынғы көтеріңкі нарықтық болжамдардың ақталмауы, дейді «Дом.РФ» өкілі Максим Грицкевич.

Сондықтан Қазақстан капиталының «Самолетке» келуін тек бір компанияның акция сатып алуы ретінде қарастыру аздық етеді. Бұл – инвесторлардың шекаралармен шектелмейтін табиғаты, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қаржы алаңы ретіндегі мүмкіндігінің бір көрінісі. Мәміленің АХҚО арқылы жүзеге асуы отандық инвестициялық құрылымдардың сыртқы нарықтағы ірі активтерге шығуға қабілеті артып келе жатқанын аңғартады.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу