Вт. Фев 27th, 2024

Қазақстан автожолдарында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. 

Температураның төмендеуіне, көктайғақ пен боранға байланысты бірқатар өңірлерде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды, деп жазады inbusiness.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Жалпы екі тәулік ішінде еліміздің автожолдарында 5 мыңнан астам адам, оның ішінде 275 бала құтқарылды.

Өткен тәуліктің өзінде жолдарда 4 510 адам, оның ішінде 225 бала құтқарылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, полиция, Қазавтожол, шекара жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Бұдан басқа, Жамбыл облысына өзара іс-қимыл шеңберінде және Қырғыз Республикасына баратын 100-ге жуық автокөліктің жүріп-тұруына көмек көрсету үшін Қырғызстан ТЖМ күштері мен құралдары келді.

Қолайсыз ауа-райына байланысты құтқару жұмыстары қиындады.

Жамбыл облысының Жуалы және Қордай аудандарында 4096 адам, оның ішінде 181 бала, 39 шетел азаматы құтқарылды.

Тараз қаласынан Шымкентке қарай шыға берісте 400-ден астам автокөлік, Қордай асуында — 60 бірлік, Благовещенкада-340 бірлік көлік кептелісте тұр. Автожолдарды тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Түркістан облысында 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды.

Шымкент-Тараз бағыты бойынша Шұқырбұлақ елді мекенінің ауданында шамамен 400 бірлік техника, Шақпақ ауылының ауданында шамамен 230 бірлік техника кептелісте тұр. Олардың ішінде 1200-ге жуық адам бар. Азаматтар жылыту пункттеріне орналастырылған.

Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің шешімдерімен Қордай, Шу және Түлкібас аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жетісу облысында «Үшарал-Достық»  автожолында қар құрсауынан 57 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды.

Алматы және Қарағанды облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.  Қолайсыз ауа-райында мал жаюға және мал іздеуге шыққан үш адам аман-есен табылды.

Жедел желі телефондары жұмыс істейді:

  • ТЖМ 8 717 2 70 41 14,
  • Жамбыл облысы ТЖД 8 726 2 51 35 75, 51 41 67,
  • Түркістан облысы ТЖД 8 725 33 57 897.

ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарларға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес береді.


Дереккөз: Inbusiness.kz