Вс. Май 5th, 2024

Осыған дейін халық қалаулысының өтінішіне байланысты Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы шығарған еді. 

Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Парламенттің төменгі палатасының жалпы отырысында тиісті мәселе қаралды.

«ҚР Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы ҚР Конституциялық заңының 24-бабы 3 және 8 тармақтарына сәйкес ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Шүкіжанованың өтінішіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным енгізіп отыр», — деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.

Мәжіліс отырысына қатысып отырған 93 депутаттың 90-ы жақтап дауыс берсе, 2 депутат қалыс қалды.

«Құрметті Ерлан Жақанұлы! Құрметті әріптестер! Мәжіліс қабырғасында алған тәжірибем үшін сіздерге шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Бұл өлшеусіз тәжірибе болды. Мәжіліске келмес бұрын депутаттардың мойнында ауқымды жұмыс пен жауапкершілік жатқанын білмеген едім. Менің бастамаларым партияластарыммен жалғасын табатын болады. Мен «Республика» партиясының тең төрағасы болып қала беремін және халық пен бизнестің мүддесін көрсетуді жалғастыра беретін боламын. Мен өңірге өндірістерге ораламын. Өнеркәсіпті дамыту және жаңа инвесторларды тарту арқылы әрі қарай да экономикамызға өз үлесімді қосуды жалғастыра беремін деп ойлаймын», — деді Динара Шүкіжанова.


Дереккөз: Inbusiness.kz