Ср. Май 8th, 2024

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстан Олимпиадалық қозғалысының 30 жылдығына орай өңірлерде іс-шаралар циклін өткізеді.

Кезекті салтанатты шара Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл өңірде Қазақ жеңіл атлетикасының бастауы Әмин Тұяқов дүниеге келіп, спорттағы мансабын осы жерден бастаған. Атақты жеңіл атлет Еуропа чемпионы атанып, Еуропа кубогінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ Маңғыстау облысы бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовті, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахмановты, таеквондодан әлем біріншілігінің қола медалінің иегері Қайрат Сарымсақовты, Қазақстан құрамасының және Санкт-Петербургтің «Зенит» командасының футболшысы Нұрәлі Әліпті сыйлады. Олимпиада жүлдегері балуан Марид Муталимов те Маңғыстау атынан өнер көрсеткен.

«Әлі есімде, алғашқы жеңісіме қол жеткізген сәтте көз жасымды ұстай алмадым. Бұл күн кешегідей менің жадымда. Мен ол кезде 12 жаста едім. Арада көп уақыт өтті. Көптеген жеңістерге қол жеткіздім. Олимпиада ойындарында екі рет тұғырға көтерілдім. Біраз жолды басып өттім. Осы уақыт ішінде Ұлттық Олимпиада комитеті барлық спортшыларға маңызды қадамдар жасауына көмектескеніне қуаныштымын. Жетістігіміз бен қиын сәттерде қолдау көрсетіп, жанымыздан табыла білген баршаға алғысымды білдіремін», — деді Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.

Арнайы іс-шара аясында бізге жеңісті күндерді сыйлаған, 30 жыл ішінде Қазақстан Олимпиадалық қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, бокстан әлем чемпиондары Бекзат Нұрдәулетов пен Ердос Жаңабергенов, футболшы Нұрәлі Әліп, таеквондодан әлем чемпионатының жүлдегері Қайрат Сарымсақов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары Марат Жақиев пен Магомед Куруглиев, бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Берік Әбдірахманов мерейтойлық медальдармен және дипломдармен марапатталды.

ҚР ҰОК делегациясы мерейтойлық іс-шаралар аясында еліміздің барлық өңірлеріне сапарлайды. Салтанатты акциялар атақты спортшылардың, ардагерлер мен спорт қайраткерлерінің қатысуымен өтеді.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz