Вт. Июл 28th, 2026

Баспанаға бастаған бастама: мемлекеттің бұл демеуінің астарында не жатыр?

Азаматтарға 1,5 миллион теңгеден беріле бастады. Бұл қаражатты кімдердің ала алатыны да нақты анықталды. Баспана – тек төрт қабырға мен төбе емес, ол – адамның психологиялық және физикалық саулығы, рухани тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің алтын қазығы. Алайда оны сатып алу үшін алғашқы жарнаны жинау қарапайым адамдарға оңайға соқпайды.

Сондықтан кейбір жағдайда осы қажетті соманың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алып, бюджеттен төлеуге әзір. Бұл ретте сөз жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үй сертификаты туралы болып отыр.

Тұрғын үй сертификаты дегеніміз не?

Тұрғын үй сертификаты – бұл ипотека бойынша алғашқы жарнаның бір бөлігін төлеуге арналған мемлекеттік қолдаудың айрықша шарасы. Бұл мақсаттағы қаражатты жергілікті әкімдіктер бөледі. Тиісінше, көмектің көлемі мен сертификаттар саны жергілікті бюджеттің шама-шарқына, мүмкіндігіне байланысты болады.

Мұндай көмекті азаматтар өмірінде тек бір рет қана ала алады. Бірақ отбасының басқа мүшелері отбасынан бөлініп шықса, сертификат алу құқығын сақтауы мүмкін. Сондай-ақ бұл игілікке азаматтар тек тұрғын үй ипотекасы банк тарапынан алдын ала мақұлданғаннан кейін ғана ала алады.

Бөлінетін қаржының көлемі қанша?

Тұрғын үй сертификатының көлемі әр өңірде әрқалай белгіленеді. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында оның сомасы 1,5 миллион теңгеге дейін жетсе, Шымкентте – 1 миллион теңгені ғана құрайды.

Ал, облыстардың басым бөлігінде қолдау көлемі 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі аралықты ғана қамтиды. Яғни, одан аса бермейді. Түпкілікті ақшаның нақты көлемін, сертификаттардың жалпы санын және өтінімдерді қабылдау мерзімдерін жыл сайын жергілікті әкімдіктер өз бетінше айқындайды.

Әлеуметтік желіде бір өңірдегі осындай ипотекасын «жауып», кейін басқа өңірде де сертификат ала алған адамдар туралы айтылып қалады. Оған қатысты қозғалған іс туралы ақпарат болмағандықтан, мұның шын-өтірігін тексеру қиын. Бәлкім, қаржылай көмектің аймақтық шегі болғанымен, адамдардың азат та бақытты өмір сүруге деген ұмтылысында шекара болмаса керек.

Сертификатқа кімдер ие болады?

Сертификат алушылардың санаттарын және оны иеленетіндердің аты-жөні жазылған ақырғы тізімді жергілікті мәслихаттар бекітеді. Сол себепті де әртүрлі өңірде бұл тізімге енетіндердің санаттары бір-бірінен өзгешеленуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар оны өз әкімдіктерінен нақтылап біле алады.

Көбіне тұрғын үй сертификатына көпбалалы және толық емес отбасылар, соның ішінде жалғызілікті аналар, асыраушысынан айрылғандар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған шаңырақтар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үміткер бола алады.

Бұған қоса, бұл игілік әр өңірде тапшы, сұранысқа ие мамандық өкілдеріне – дәрігерлерге, мұғалімдерге, мәдениет қызметкерлеріне, құтқарушылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де берілуі ықтимал.

Бұрын бұл сертификаттар тек жекелеген жеңілдік санаттары бойынша үй кезегін тұрғандарға ұсынылып, Отбасы банкі арқылы жүзеге асырылатын шектеулі мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында ғана пайдаланылатын. Ал, қазіргі кезде алушылардың тізімі де, сертификатты қолдануға болатын ипотекалық бағдарламалар тізбегі де едәуір кеңейтілуде.

Жұмсалған ақшаны кері қайтару міндетті ме?

Бұл мәселе тікелей отбасының табысына байланысты. Тұрғын үй сертификаты екі түрлі формада ұсынылуы мүмкін:

• қайтарымсыз әлеуметтік көмек ретінде,

• жылдық 0,01%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге берілетін бюджеттік кредит түрінде.

Қайтарымсыз көмекке қол жеткізу үшін соңғы 6 айдағы жиынтықты орташа табыс отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.

2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Осылайша, шекті табыс мөлшері айына бір адамға 157 638 теңгені құрап отыр.

Мысалы, төрт адамнан құралған отбасы үшін жалпы орташа айлық табыс 630 552 теңгеден аспауы шарт. Егер табыс деңгейі бұл межеден жоғары болса, сертификат жеңілдетілген бюджеттік кредит түрінде берілуі мүмкін.

Сертификатты тек өз өңіріңізден баспана сатып алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Тек Алматы мен Астана қалаларының тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылған: оларға баспананы қала маңындағы аумақтардан, мысалы, Қосшы қаласынан, немесе жақын ауылдардан сатып алуға жол беріледі.

Сертификатты қандай ипотекаға бағыттауға болады?

Тұрғын үй сертификатын «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары бойынша алғашқы жарна ретінде пайдалануға болады. Жекелеген өңірлерде бұл тізім кеңейтіліп, өзге де мемлекеттік немесе өңірлік ипотекалық бағдарламаларды қамтуы мүмкін.

Бұл жөніндегі түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды. Қалай болғанда, бағдарламалардың саналуан болуы – әрбір азаматты өз арманына жеткізетін төл даңғылын табуына жасалған қосымша мүмкіндік.

Тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады?

Алдымен банкке жүгініп, ипотеканы алдын ала мақұлдаудан өтуіңіз керек. Содан кейін дәл өз өңіріңізде тұрғын үй сертификаттарына өтінімдер қабылдаудың нақты қай күні басталғаны туралы хабарландыруды күтуіңіз қажет.

Сертификат жұмыссыздарға берілмейді. Сондықтан өтінішке жұмыс орныңыздан тиісті анықтаманың электронды көшірмесін қоса тіркеуіңіз талап етіледі. Бірақ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін бұл талап қолданылмайды.

Сонымен қатар, банктің ипотекалық тұрғын үй қарызын мақұлдағаны туралы, оның сомасы мен айлық төлем мөлшері көрсетілген хатының электронды көшірмесі қоса берілуі керек. Талап пен тәртіп сақталған жерде ғана кез келген игі бастама өзінің шынайы жемісін береді.

Көмек кімдерге мақұлданады?

Үміткер жергілікті мәслихат бекіткен алушылар санатына жатуы, сертификатты пайдалануға рұқсат беретін бағдарлама бойынша ипотека рәсімдеуі, қарыздың алдын ала мақұлдауын алуы және белгіленген талаптарға толық сай болуы шарт.

Бұл ретте түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды: сертификатты тапсыратындар да солар. Алушылар санаттары, көмек көлемі, сертификаттар саны мен өтініш беру мерзімдері дәл осы өңірлік деңгейде белгіленеді.

Қамқорлық пен қолдау тоғысқан жерде ғана мемлекеттің іргесі бекіп, әрбір шаңырақтың түтіні түзу ұшады. Осы жағдайда мемлекетке деген сенім мен құрмет қатар өріледі. Ал, әр отбасындағы ошақтың оты сөнбей, босағасы берік болған елдің ғана келешегі кемел, ертеңі еңселі.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу