Жанкүйерлер әлемдік үстел теннисінің жұлдыздарының ойындарын тамашалай алады.
2–7 қыркүйек аралығында Алматыда жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын халықаралық «WTT Contender Almaty» турнирі өтеді. Биылғы жарысқа әлемнің 21 елінен 143 спортшы қатысады. Олардың қатарында Австралия, Вьетнам, Германия, Үндістан, Иран, Испания, Қытай, Корея, Люксембург, Малайзия, Мексика, Румыния, Сауд Арабиясы, Сербия, Сингапур, Словакия, Словения, Өзбекстан, Франция, Жапония және Қазақстан бар, деп хабарлайды insports.kz.
Жанкүйерлер үш дүркін Еуропа ТОП-16 чемпионы Дарко Йоргич (Словения), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сора Мацуcима (Жапония), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шань Сяона (Германия), әлем чемпионатының қола жүлдегері Хонока Хашимото (Жапония) сынды үстел теннисінің жұлдыздарының ойынын көруге мүмкіндік алады.
Жүлделер ерлер мен әйелдер арасында жекелей, жұптық және аралас санаттарда сарапқа салынады.
Турнирдің тікелей трансляциялары «Qazsport» телеарнасынан және World Table Tennis (WTT) ресми YouTube арнасынан көрсетіледі.
Халықаралық турнир «ADD Ustel Tennis Ortalygy» орталығында (Нұркент ықшам ауданы, 14Б) өтеді. Кіру ақылы, билеттерді kino.kz сайтынан сатып алуға болады.
Дереккөз: Insports.kz