2026 жылғы 6–7 тамызда Астана қаласындағы KNUS-та Қазақстан тарихында тұңғыш рет балалар мен жасөспірімдер арасында пара жүзуден «Samruk Alaman» республикалық турнирі өтті.
Жоба елдің 15 қаласынан 100-ден астам баланы біріктірді. Олар тірек-қимыл аппараты зақымданған, көру және есту қабілеті шектеулі, сондай-ақ интеллектуалды даму ерекшеліктері бар 7 мен 14 жас аралығындағы спортшылар.
Турнирді ұйымдастырушы — «Қазақстанның пара жүзу федерациясы». Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Спортқа, жарқын эмоциялар мен жеңістерге толы екі күн
Екі күн бойы жас спортшылар шеберліктерін, мінездерінің беріктігін және жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетті. Көптеген қатысушылар үшін «Samruk Alaman» республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысудың алғашқы тәжірибесі болды.
Әрбір стартқа шығу батылдықты, жинақылықты және өз күшіне деген сенімділікті талап етті. Балалар толқынысты жеңіп, өз нәтижелерін жақсартуға тырысты әрі бір-біріне шын жүректен қолдау көрсетті.
Турнир Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген қатысушылардың басын қосып, оларға спортта өзін көрсетуге ғана емес, сонымен бірге танысуға, тәжірибе алмасуға және үлкен спорттық қауымдастықтың бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік берді.
«Samruk Alaman» елімізде балалар мен жасөспірімдер пара жүзуін дамытудағы маңызды оқиғаға айналды. Ол мұндай жобалардың қаншалықты сұранысқа ие екенін және Қазақстанның түрлі қалаларында қаншама дарынды, мақсатшыл балалардың тұратынын көрсетті.
Турнирдің құрметті қонақтары
«Samruk Alaman» турниріне «Самырұқ-Қазына» АҚ, спорт қауымдастығы және Қазақстан пара жүзу федерациясының өкілдері қатысты:
Ғибрат Ауғанов — «Самырұқ-Қазына» АҚ басқарушы директоры;
Қанат Сахариянов — «Қазақстан пара жүзу федерациясы» РҚБ президенті;
Дмитрий Баландин — қазақстандық жүзгіш, олимпиада чемпионы;
Зульфия Габидуллина — Қазақстан Республикасы тарихындағы тұңғыш паралимпиада чемпионы;
Эллина Байелдинова — «Қазақстан пара жүзу федерациясы» РҚБ бас хатшысы.
Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен және паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллинамен кездесу балалар үшін ерекше маңызды болды. Олардың спорттық жолы табандылық, тәртіп, күнделікті еңбек пен өзіне деген сенімнің арқасында қандай биіктерге жетуге болатынының жарқын үлгісі.
Қонақтардың қатысуы балалар пара спортын дамытудың және әртүрлі өңірлерден келген балаларға жүзумен айналысуға, жарыстарға қатысуға әрі өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасаудың маңыздылығын айқындай түсті.
Samruk Alaman-ның басты қаһармандары
Турнирдің басты қаһармандары балалар болды. Олардың әрбір стартының артында жүйелі жаттығулар, қиындықтарды еңсеру және алға ұмтылуға деген үлкен ұмтылыс тұр.
Жас спортшылар жолдарға тайсалмай шығып, толқынысты жеңді және өз дайындықтарының нәтижелерін көрсетті. Біреулер мұндай деңгейдегі жарыстарға алғаш рет қатысса, біреулер жеке рекордтарын жаңартты, ал кейбіреулер үшін бұл турнир кәсіби спортқа қарай жасалған тағы бір маңызды қадам болды.
Турнирдің әрбір қатысушысы құрметке де, қолдауға да лайық. Мүмкін, бірінші «Samruk Alaman»-ның жас спортшыларының арасында бүгін Қазақстанның, Азияның, әлемнің және Паралимпиада ойындарының болашақ чемпиондары өсіп келе жатқан болар.
Ата-аналар — жас спортшылардың бас тірегі
Қатысушылардың ата-аналары ерекше алғысқа лайық. Олар күнделікті балаларының қасында болып, спортпен айналысуға деген ынтасын қолдайды, жаттығулар мен жарыстарға сүйемелдейді, қиындықтарды жеңуге көмектеседі және әрбір жеңістің қуанышын бөліседі.
Турнирге қатысу үшін көптеген отбасылар Қазақстанның түрлі қалаларынан ұзақ жол жүріп келді. Ата-аналардың трибунадағы қолдауы балаларға сенімділік сыйлап, толқынысты жеңуге және стартқа дұрыс бапталуға көмектесті.
Әрбір жас спортшының жетістігінің артында отбасының орасан зор еңбегі тұр. Ата-ананың махаббаты, төзімділігі мен сенімінің арқасында балалар өз қабілеттерін ашуға, алдарына жаңа мақсаттар қоюға және оларға қарай сенімді түрде қадам басуға мүмкіндік алады.
Үлкен мүмкіндіктерге жасалған алғашқы қадам
Бұған дейін «Samruk Alaman» турнирлері Қазақстанның бес өңірінде волейбол, үстел теннисі, дзюдо, футбол және футзал бойынша өткен болатын. Жарыстар «Самырұқ-Қазынаның» 20 жылдығына және «Samruk-Kazyna Trust» қорының 10 жылдығына орайластырылды.
Компаниялар тобының қолдауымен соңғы он жылда елімізде жыл сайын 700 мыңнан астам адамды қабылдайтын 19 спорт кешені ашылды. Биыл тағы 11 нысанның, соның ішінде инклюзивті спорт нысандарының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, қор 55 оңалту орталығы мен 21 инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуын қаржыландырды.
«Samruk Alaman» аяқталды, бірақ оның қатысушылары үшін бұл бастама үлкен спорттық жолдың — жаңа жетістіктерге, өзіне деген сенімділікке және ең биік жеңістерге бастайтын жолдың бастауы болуы мүмкін.
Дереккөз: watersports.kz