Пт. Дек 6th, 2024

Еліміздегі жетекші банк небәрі 65 миллиард теңгеге өткізілді. 

Мемлекеттік «Бәйтерек» холдингі мен Lesha Bank LLC банкі қазақстандық «Bereke Bank» АҚ-ын сату мәмілесін аяқтағандарын жариялады.

Тарихқа шамалы шолу жасай кетсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1993 жылғы 19 наурызда қазақстандық-америкалық TexaKaBank бірлескен банкі құрылды. 2005 жылы TexaKaBank-тің негізгі екі қожайыны болды. Бірі – АҚШ-тың Техасының олигархы, United Central Bank басшысы Грегори Стьюдер (үлесі 81,5%), екіншісі – қазақстандық-ресейлік бизнесмен Валерий Гекко (5%).

2006 жылғы шілдеде TexaKaBank-ті «Сбербанк России» небары 100 миллион долларға сатып алып, оны «Сбербанк Казахстан» деп қайта атады. Осы арқылы ресейлік алпауыт қазақстандық банк секторына сұрапыл экспансиясын бастады. Қазақстанның ұлттық компаниялары, мемлекеттік мекемелері күтпеген жерден өз есепшоттарын, депозиттерін осы банкке жаппай көшірді.

Ресейдегі бас банкінен мол субсидия алған қазақстандық еншілес банкі азаматтарға арзандау ипотека мен кредит таратып, халықты өзіне тәуелді етті. Үкімет те адам сенбес жомарттық танытып, мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген триллиондаған қаржы тасқынын осы банк арқылы да өткізді. Қазақстандық бюджет қаражатының не себепті ресейлік банк арқылы өтетіні туралы сарапшылар талай мәселе көтерді.

Ақыры бертінде АҚШ санкция енгізіп, «Сбербанктің» қазақстандық банкін күйреткенде, онда бюджеттің бірнеше жүз миллиард ақшасы қалып қойғаны әшкереленді. Содан бұл банк «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры алдындағы 61,9 млрд теңге қарызын ақшалай, қалған 10,3 млрд теңгесін – «талап ету құқықтарын беру» (переуступка прав требований) есебінен жапты. Қазақстанның даму банкі алдындағы қарызының небәрі 5,4 млрд теңгесін ғана – қаржылай, 38,2 млрд теңгесін – талап ету құқықтарын беру арқылы өтеді. Аграрлық несие корпорациясы қарызының 0,1 миллиардын ғана – ақшамен, негізгі бөлігін немесе 6,9 миллиардын – талап ету құқықтарын беру арқылы қайтара алды. Бұл тізімі ұзын көрінеді.

Дегенмен, бастапқыда «Сбердің» қазақстандық қаржылық нарықта қандай алапат қарқынмен өскенін келесіден байқауға болады. Сатылған 2006 жылы TexaKaBank ТМД көлемінде 278-ші орында тұрды және Қазақстандағы 15-ші, аутсайдер банктердің бірі саналды. Ал, 2020 жылы ол «Сбербанк» түрінде қазақстандық алып банктердің үштігіне кірді, ізінше елдегі аса ірі екінші банкке айналды.

Егер Ресей сатып алғанда, TexaKaBank банкінің жалпы активі небәрі 27,3 млрд теңгені ғана құраса, 2022 жылдың басында «Сбербанк Казахстанның» активі 4,2 триллион теңгеге жетіп қалды. Онымен отандық №1 банк – жалғыз «Халық Банкі» ғана тайталаса алды.

Алайда, егер «Сбердің» нарықтағы агрессивті іс-қимылы жалғаса бергенде, қазақ еліндегі №1 банк – ресейлік банк болатын еді. Ресейлік еншілес банктің бұлай дәуірлеуіне Америка нүкте қойды. Алдымен, 2022 жылғы ақпанда АҚШ «Сбербанкті» CAPTA тізіміне қосты. Бұл оған Құрама Штаттарда корреспонденттік шоттарын жүргізуге шектеу қойылғанын білдіреді. Сол жылғы сәуірде ресейлік «Сбербанк» пен «Альфа-банкке» қарсы америкалық санкциялар енгізілді. Елімізде «Альфа-банк» жабылып тынды.

Ал, «Сбербанктің» еншілес компаниясын Қазақстан Үкіметі құтқаруға кірісті. Оны сол жылғы тамыз айының соңында мемлекеттік «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алды. 2022 жылғы 14 қыркүйекте атауын «Береке банк» деп өзгертті.

«Бәйтерек» холдингі 2022 жылдан бері «Береке банктің» акциялар пакетін иелену, пайдалану және оған 100% билік ету құқығы бар банктің жалғыз акционері болып келді. Яғни, іс жүзінде бұл да мемлекеттік банк саналатын.

Енді міне, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын Қатар елінің Lesha Bank LLC (Public) банкіне сату мәмілесін түпкілікті аяқтағанын хабарлады.

«Келісімнің барлық шарттары тараптармен арада табысты келісілді. Мәмілені қазақстандық реттеушілер барлық тұрғыдан мақұлдады. Соның ішінде тамыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Lesha Bank-тің банктік холдинг мәртебесін алуына – келісімін, ал, Bereke Bank-ті сатып алуына – рұқсатын берді», – деп хабарлады «Бәйтерек» холдингі.

Оның сендіруінше, Қазақстанның ірі банктерінің қатарына жататын «Bereke Bank» АҚ-ы клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырады.

Бұған қоса, банк қазіргі клиенттері үшін өнімдер бойынша ағымдағы шарттарды сақтайды және өз қызметін коммерциялық әмбебап банк мәртебесінде жалғастырады.

«Қазіргі уақытта банк капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігі бойынша белгіленген нормативтерді сақтай отырып, тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Акционер ауысқаннан кейін банктің нарықтағы позициясы одан әрі нығайтылады. Жаңа акционердің келуімен екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестіктің күшеюі, жаңа технологияларды енгізу және экономиканың нақты секторына кредит беруді дамыту күтілуде. «Бәйтерек» холдингі банктің жұмысын қалыпқа келтіру және стратегиялық инвесторды тарту үшін жағдай жасау міндетін қойған. Бұл мәміленің аяқталуы Қазақстанның қаржы секторы үшін маңызды оқиға», – делінген «Бәйтерек» ҰБХ мәлімдемесінде.

Айта кету керек, Lesha Bank – Қатардың қор биржасында (QSE: QFBQ) тіркелген. Оның банк операцияларын жүргізуге Qatar Financial Center Regulatory Authority лицензиясы бар.

Банк инвестициялық банкинг және активтерді басқару саласында жұмыс істейді. Қатармен шектелмей, АҚШ, Еуропа нарықтарында, сондай-ақ Таяу Шығыс аймағында өз қызметтерін ұсынады.

Үкіметтің түсіндіруінше, оның «Bereke Bank» АҚ-ын сатып алуы Қазақстан мен Қатар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды қадам болып отыр. Бұл осы мұсылман мемлекетінің Қазақстанға ұзақ уақыт инвестиция салу ниетін дәлелдесе керек.

Тараптар банкті қаншаға сатқанын және сатып алғанын ресми жарияламады.

2023 жылдың соңында Bereke Bank-ті «Бәйтерек» 1,89 триллион теңгеге бағалады. Оның сатылуға арналған міндеттемелері 1,48 триллион теңгені құраған.

2024 жылғы 30 маусымда шығарылған «Бәйтеректің» есебінде холдинг сатылып жатқан Bereke Bank-інің бағасын 2,06 триллион теңгеге дейін арттырды және банктің сатуға арналған міндеттемесі ретінде бюджеттен 1,66 триллион теңге бөлді.

Алайда, іскерлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Bereke Bank ақыр соңында қатарлық Lesha Bank-ке 65 млрд (триллион емес) теңгеге сатылғаны анықталды.

«Власть» басылымына берген түсініктемесінде «Бәйтерек» холдингі өзінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған есебінде көрсетілген Bereke Bank банкінің бағасы – «нарықтық баға еместігін» мәлімдеді. Ол тек банк активінің баланстық құнын ғана білдіреді екен.

Осы орайда 2022 жылы «Сбербанк Казахстанды» сатып алу Қазақстанға қаншаға түсті?» деген сауал туындайды. «Бәйтеректің» есебіне жүгінсек, холдинг оны сатып алуға бір тиын жұмсамағандай.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова да 2023 жылғы наурызда осы сыңайда мәлімдеме жасады.

«Сбербанкті сатып алуға мемлекеттік қаражаттар пайдаланылған жоқ. Сбербанкті «Бәйтерек» холдингі банктің өзінің қаражатына сатып алды», – деді Әбілқасымова.

Бірақ Frank media халықаралық іскерлік порталы бірнеше жайтқа назар аудартады. «Сбербанк Казахстанды» кімнің сатып алатыны белгілі болған тұста, 2022 жылғы 25 тамызда «Бәйтерек» осы ресейлік банкте депозит ащып, оған 100 миллиард теңге орналастырды. Бұл жайт «Бәйтеректің» есебінде де көрініс тапты. Осыдан кейін бірнеше күн өткенде, 1 қыркүйекте ресейлік банкті қазақстандық мемлекеттік холдингке сату мәмілесі аяқталды.

Сол күні «Сбербанк Казахстан» ресейлік «Сбербанкке» (бұрынғы бас банкіне) 2022 жылғы сәуірде алған қарызын толық көлемде әрі мерзімінен бұрын өтеді. Bereke bank өз есебінде оның өтемақысына «банктің төл қаражаттары, сондай-ақ заем қаржы мен шұғыл депозиттер түрінде алынған өзге қаражаттар» жұмсалғанын мәлім етті.  

Еске салсақ, «Сбербанк» өзінің санкцияға ілігуі кесірінен ахуалы күрт нашарлаған «Сбербанк Казахстанның» өтімділігін қолдау мақсатында 2022 жылғы сәуірде оған 146,4 млрд рубль (612,7 млрд теңге) кредит берген болатын.

«Бірақ Мәскеудегі бас банкі берген кредит қазақстандық еншілес банкін демеу орнына, оған сор болып жабысты. РФ орталық банкінің санкцияға қарсы шаралары салдарынан теңгеге және долларға шаққандағы РФ рублінің бағамы күрт нығайды. 2022 жылғы сәуірден тамыздың соңына дейін ресейлік валюта қазақстандық теңгеге шаққанда 40%-ға жуық қымбаттап шыға келді. Валюталық қайта бағалау еншілес банктің көрсеткіштеріне соққы берді. Валюталық қайта бағалау кесірінен, сол жылғы тамыз айының соңында банктің шығыстары 400 миллиард теңгеге өсіп кетті және 2022 жылдың 8 айының қорытындысында банктің шығыны (убыток) 228,3 миллиард теңгеге жетті», – деп жазады ресейлік қаржылық сарапшы Илья Усов.

Бұдан бөлек, агенттіктің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың дерегінше, санкция астындағы «Сбербанкпен» арадағы мәміледе тағы бір шарт болыпты. Оған сәйкес, ресейлік «Сбербанкке» 130 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуге тура келген екен.

РФ-тің «Сберімен» ат құйрығын кесіскен соң, 2023 жылғы 8 наурызда АҚШ Bereke Bank-ті санкциялық қара тізімінен алып тастады. Енді Қатар елінен келген инвесторларының қолдауымен қазақстандық банк жаңа биіктерге шығып жатса, құба-құп.


Дереккөз: inbusiness.kz