Пт. Дек 6th, 2024

Қайырымдылық – қоғамның кемелденгендігінің көрсеткіші. Мұқтаж жандарға көмектесуге ұмтылу және бұл үшін тиімді құралдарды жасау — гуманизмнің басты мұраттарының бірі. Қайырымдылық саласының жай-күйі елдің дамуы мен қоғамның демократиялану деңгейіне ерекше мән береді.

Салалық министрліктің мәліметінше, Қазақстанда шамамен мыңға жуық қайырымдылық ұйымы тіркелген. Алайда көпшіліктің есінде тек оншақты ғана қор бар. Қазіргі уақытта елдегі қайырымдылық саласы іс жүзінде реттелмеген. Осыған байланысты алаяқтықтың кең таралуы және ашықтық пен есептіліктің қажеттілігі ерекше өзекті болып отыр.

Мысалы: 2023 жылы қайырымдылық атын жамылып, қаражат жинағандардың үштен бірі алаяқтық әрекеттермен айналысқаны анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің деректеріне сүйенсек, қазақстандықтар мұндай «қайырымдылық» ұйымдарына 2 миллиард теңге аударған. Мұндай дау-дамайға толы хабарлар қайырымдылыққа деген сенімді әлсіретіп қана қоймай, шынымен адал еңбек етіп жүрген қорлардың қалай жұмыс істеуі керектігін қайта қарауды қажет етеді.

ЖАҚЫНЫҢА ЖӘРДЕМДЕС

Қайырымдылық – кемел қоғам көрсеткіші. Мұқтаж жандарға көмектесуге ұмтылу және бұл үшін тиімді құралдарды жасау — гуманизмнің басты мұраттарының бірі. Қайырымдылық саласының жай-күйі елдің дамуы мен қоғамның демократиялану деңгейіне ерекше мән береді.

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстан халқының 5,3%-ы күнкөріс минимумынан төмен табыс деңгейінде өмір сүреді. Алайда шын мәнінде жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін. Мүгедектігі бар адамдар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы жанұялар, табиғи және техногендік апаттардың құрбандары – осындай мыңдаған адам мемлекеттік қолдау мен қоғамның көмегіне мұқтаж.

Қазақстанда қайырымдылық қызметтің сапасы жақсарып келе жатқаны байқалады. Мысалы, он жыл бұрын халықтың осал топтарына көмектесетін ұйымдар әлдеқайда аз еді, ал көмектің сапасы қазіргімен салыстырғанда төмен болатын.

Гэллап институтының 2022 жылғы қайырымдылық рейтингісінде Қазақстан 114 елдің ішінде 93-орынды иеленді. Алайда рейтинг бірнеше көрсеткішке негізделген. Біріншісі – мұқтаж бейтаныс адамға көмек көрсету, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 111-орында. Ал қайырымдылық мақсаттарға қаржылай көмек көрсету бойынша Қазақстан 114 елдің ішінде 40-орынды иеленген.

Қоғамдық сананың өзі соңғы уақытта айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Мұның жарқын мысалы 2024 жылдың көктеміндегі су тасқыны жағдайы. Ел басына күн туған шақта халық ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Халық осынша жиналып, көмек қолын созады деп ешкім күтпеген сияқты. Жүздеген мың адам зардап шеккендерге қолдан келгенше көмектесті.

ЖАЛПЫ ЖИНАЛҒАН ҚАРАЖАТ

Су тасқыны туралы айтқанда, азаматтардың ғана емес, жеке бизнестің бастамасын да мысалға келтіру керек. Қайырымдылық жасаған компаниялардың тізімінде ERG тобы, «ҚазМұнайГаз», «Қазцинк», «Қазақстан халқына» қоры, World Green Company, Jusan Bank, «Жайық Мұнай», «Базис-А» тобы, «Самұрық-Қазына» қоры, «Рамс-Қазақстан», «Халық» қайырымдылық қоры, Халық Банк, Kaspi және т.б. бар. Сонымен қатар бұл тізімге еліміздегі ең бай адамдар – Вячеслав Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Ғалымжан Есенов, Айдын Рахымбаев, Владимир Ким, Эдуард Огай кірді.

Барлығы 250,5 млрд теңге жиналды. Бұл соманың 40 пайыздан сәл астамы төрт ұйымға тиесілі. Осылайша, ERG компаниясының акционерлері көмекке 40 млрд теңге бөлді. Ақтөбе облысында ERG компаниялар тобының қаражатына жалғыз баспанасынан айырылған отбасыларға 292 үй салынды.  Тағы 191 отбасы екінші нарықтан сатып алынған үйлер мен пәтерлерге қоныстанып, қоныс тойын тойлады.

Тимур Құлыбаев құрған «Халық» қайырымдылық қоры мен Халық банкі Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккендерге 30 млрд теңге бөлді. Бұл сома 984 адамға атаулы көмек көрсетуге жұмсалды. Жиналған қаражат су тасқынына қарсы жұмыстарға, соның ішінде бөгет салуға, су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіруге жұмсалды.

Kaspi.kz сайтының құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе зардап шеккендерге көмек ретінде 20 миллиард теңге бөлді. Kaspi.kz компаниясының өзі жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторлар, сорғыштар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуға 700 миллион теңге бөлді (осы соманың 80 миллион теңгесін азаматтар жинады).

Ал Болат Өтемұратов атындағы қор су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 680 миллион теңге бөлді. Кейін Өтемұратовтың өзі тағы 10 млрд теңге берді.

Алайда бұл жағдай біреулер үшін азаматтық жауапкершілік пен жомарттықты көрсету мүмкіндігі болса, басқалар үшін алаяқтық әрекеттерге жол ашты.

ҚАНША СЕНСЕҢ ДЕ, ТЕКСЕРУ КЕРЕК

Мемлекеттің де, жекелеген азаматтардың да бірінші кезектегі міндеті – қоғамды қайырымдылық қасиеттерге үндеу, оларды насихаттау.  Мысалы, беделді қайырымдылық ұйымдар қашанда қоғамға ашық келеді. Олардың қаржылық есебін ресми сайттардан көруге болады. Тіпті сізге қаражаттың не үшін және қалай жұмсалатынын қуана түсіндіреді.

Алаяқтықпен күрес әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Құқықтық және қаржылық сауаттылық қоғамның кемелденгенін көрсетеді. Дегенмен мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жүйелі шаралардың да маңызы зор. Түрлі мемлекеттердің үкіметтері алаяқтықпен күресудің әртүрлі әдістерін әзірлеуде. Әлемдік тәжірибеде алаяқтықпен күресудің екі негізгі тәсілі бар:

  • Біріңғай оператор құру – мемлекеттік краудфандинг платформасы, ол қаржыны бақылап, әділ бөлуді қамтамасыз етеді.
  • Қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай базасын жасау – бұл базаға кіру үшін ұйым арнайы аккредитациядан өтуі тиіс.

ҚАРАПАЙЫМ ӘРІ ТҮСІНІКТІ

Қайырымдылық қорлары қалай жұмыс істеуі керектігін түсіну үшін бір қадам артқа шегінейік. Қайырымдылық қоры толыққанды экономикалық құрылымы бар коммерциялық емес ұйым болып табылады. Қорлардың үш түрі бар: корпоративтік, қоғамдық және жеке. Қайырымдылық қорлары тек әлеуметтік көмек көрсету саласында ғана емес, білім, мәдениет және азаматтардың құқықтарын қорғау саласында да жұмыс істей алады.

Қордың қызметі ҚР Азаматтық кодексімен, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Қайырымдылық туралы» заңдармен реттеледі. Қорды құру кезінде қордың бастапқы белгіленген жарғылық мақсаттарға сәйкестігін бақылауды жүзеге асыратын тұрақты жұмыс істейтін алқа құрамы, яғни басқару органы бекітіледі.

Кез келген қайырымдылық қорында директоры мен есепшісі болуы керек, ал қандай да бір пайдакүнемдік мақсаттарды болдырмау үшін қызметкерлердің көпшілігі неке немесе туыстық қатынаста бола алмайды. Кез келген басқа ұйым сияқты, қор белгіленген мерзімде салықтық тексерулерге қаржылық есеп беруі керек. Қайырымдылық қорының қызметі ашық болуы керек, ал қаржылық есептері жалпыға қолжетімді болуы тиіс. Егер қор туралы ашық ақпарат болмаса, мұндай ұйымға қаражат аудару туралы ойлану керек.


Дереккөз: Ulysmedia.kz