Вт. Июл 21st, 2026

Елімізде су үнемдеу технологиялары енгізілетін алқаптың жыл сайынғы өсімі бес есеге жуық артты.

Қазір мұндай жүйелер 543,5 мың гектардан астам егістікке енгізілсе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұндай жетістік су үнемдеу бойынша қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде келді деуге болады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта республика бойынша мұндай технологиялар 543,5 мың гектардан астам егістікке енгізілген.

Министрлік фермерлерді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін де қайта қарады. Атап айтқанда, су үнемдеу жүйелерін сатып алу, орнату, ұңғыма қазу және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығынның өтемақысы 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Сонымен бірге суару суына берілетін субсидия көлемі де қолданылатын технологияға қарай сараланып, су үнемдеу тәсілдерін пайдаланатын шаруалар үшін 60-85 пайызға дейін жеткізілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қабылданған шаралар ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуге бағытталған.

– 2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері қолданылатын алқап көлемін 1,3 миллион гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Мұндай технологиялар суару суын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, министрлік су қорын қорғау және тиімді пайдалану саласындағы үздік қолжетімді технологиялардың тізбесін әзірледі. Оның құрамына озық суару жүйелері де енгізілді, – деді Нұржан Нұржігітов.

Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Осыған байланысты 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте су үнемдеу технологияларын енгізуге инвестициялық субсидия ретінде 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін су жеткізу қызметінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінген.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, су ресурстарын тиімді пайдалану аграрлық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

– Енді субсидия көлемі суару тәсіліне қарай белгіленеді. Су үнемдеу технологияларын қолданбайтын шаруашылықтарға су тарифінің 50-75 пайызы субсидияланса, заманауи суару жүйелерін енгізгендер үшін бұл көрсеткіш 60-85 пайызға дейін жетеді, – деді Айдарбек Сапаров.

Ведомство сөзінше, мұндай өзгерістер шаруаларды су ресурсын үнемдеуге ынталандырып қана қоймай, ауыл шаруашылығында заманауи технологиялардың кеңінен қолданылуына жол ашады. Сонымен қатар, отандық суару жабдықтарының өндірісін дамыту арқылы олардың құнын төмендету бағытында да жұмыстар жалғасып жатыр.

Министрлік мәліметінше, қабылданған шаралар алғашқы нәтижесін бере бастаған. Былтыр су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптарда 874 миллион текше метрге дейін су үнемделген. Алдағы жылдары ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту, су арналарына автоматтандыру жүйесін енгізу және фермерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса бермек.


Дереккөз: Inbusiness.kz

Бөлісу