Ср. Май 8th, 2024

Бұл төлем түрі адамдар зейнет жасына толғанға дейін төленеді.

Сенат Мәжіліс қабылдаған қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты депутат Әсем Рахметова таныстырды.

«Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін әлеуметтік қорғауды жетілдіру», — деді ол.

Сенатордың сөзінше, қоғамдық бірлестіктерді құруға қажетті адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін азайту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді.

«Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алатын болады. Төлемдер мыналардан тұрады: бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;  жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем; сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі. Сондай-ақ, бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы айқындалды», — деп түсіндірді Әсем Рахметова.

Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.

Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды:

— сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6%-ына дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;

— сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеуі;

— жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.


Дереккөз: Inbusiness.kz