Пт. Дек 6th, 2024

Ұлттық жоба аясында салынған мектептер жалпы білім беретін мектептер болып есептеледі.

2026 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 740 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланып отыр. Биылғы оқу жылы 217 мектеп қолданысқа берілуі тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің редакция сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Педагогтерді білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Қағидалардың 141-тармағына (Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату тәртібі) сәйкес конкурсты ұйымдастыру тәртібі, Қағидалардың 154-тармағына сәйкес құжаттардың тізімі көрсетілген. Қағидалардың 154-тармағына сәйкес конкурс өткізу туралы хабарландыруды білім беру ұйымының Интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында және (немесе) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы жарияланады. Бос орындар туралы ақпаратты «Enbek.kz» сайтында, hr –nobd.edu.kz ақпараттық жүйенің «Педагогті жұмысқа қабылдау» модулінде және сілтеме арқылы көруге болады», — делінген ресми жауапта.

Министрліктің жазуынша, осы қағидалар барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмыcқа қабылдау барысында қолданылады.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді басшы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Білім берудегі өзгерістердң 1000 көшбасшысы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде биылғы оқу жылында пайдалануға берілетін «Жайлы мектептер» директорлармен қамтамасыз етіледі. Аталған қаулының 3-бөліміне сәйкес «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобаның мақсаты жалпы орта білім беретін мектептерді жобалау және салу болып табылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін жайлы мектептер өңір әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілетін болады және тиісінше қаржыландыру барлық жалпы білім беретін мектептермен қатар жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен жүзеге асырылатын болады», — деп хабарлады ведомство.

Оқу-ағарту министрлігі бүгінде ауыл мектептері шығындар сметасы бойынша қаржыландырылып жатқанын жеткізді.

«Бұл ретте ауыл мектептері мұғалімдерінің жалақысы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі негізінде есептеледі Сонымен қатар, барлық қалалық мектепте жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру енгізілді. Жалақы, өтемақы төлемдері, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жан басына шаққандағы қаржыландыруға кіретін және қолданыстағы еңбекақы төлеу заңнамасын ескере отырып, әдістемеге сәйкес есептелетін шығыстар болып табылады. Осылайша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер жалпы білім беретін мектептер болып есептеледі», — делінген редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство барлық қызметкердің жалақысы жалпы білім беретін мектептерде белгіленген жалақыға сәйкес болатынын баса айтты.

«Мұғалімдердің жалақысы білім деңгейіне (жоғары, ТжКБ), біліктілігінің болуына (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор), жұмыс өтіліне, орындалатын жұмыс көлеміне (нақты жүктеме), сондай-ақ еңбек жағдайлары үшін өтемдік және ынталандырушы қосымша төлемдер мен үстемеақылардың болуына байланысты екенін атап өтеміз», — делінген жауапта.


Дереккөз: inbusiness.kz