Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы «Хеннебон» клубымен келісімшартқа отырды.
Енді ол Франция чемпионатының элиталық Pro A дивизионында ойнайтын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған лига – Еуропадағы ең күшті чемпионаттардың бірі. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тұрақты түрде жинайтыны тағы бар.
«Хеннебон» клубы Францияның 5 рет чемпионы атанған және 2 мәрте ETTU Cup Еуропа кубогының жеңімпазы болған.
– Келіссөздер өте ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Барлығы бір аптадан сәл ғана артық уақыт алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ келісімге келдік, – дейді Алан Құрманғалиев.
Келісімшарт бір жылға есептелген. Спортшы жаңа командасына қашан ауысатынын да айтып өтті.
– Келісілген шарттарға сай, келісімшарт дәл бір жылға жасалды. Алғашқы ойындар биылғы қыркүйек айының ортасында өтеді. Сол уақытта клубтық маусым толыққанды басталады. Сондықтан, оған жақсы дайындықпен келу қажет, – деді теннисші.
Жаза кеткен жөн, «Хеннебон» клубының өз халықаралық жаттығу орталығы бар. Бұл база команда ойыншыларының дайындығына ғана емес, әртүрлі елдің спортшыларының оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де пайдаланылады.
Дереккөз: inbusiness.kz