Чт. Май 9th, 2024

2023 жылғы 30 шілде күні таңертең Аланияда 12 қазақстандық мінген шағын автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Бұл жол-көлік оқиғасы жөнінде Zakon.kz тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Таратылған хабарламаға сүйенсек, түрік полициясынан алынған алдын ала мәлімет бойынша, қатты жылдамдықпен келе жатқан автобус жүк көлігіне соғылған.

Апат салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.

Барлық мән-жайлар мен азаматтарымыздың денсаулық жағдайын анықтау үшін Қазақстанның консулы дереу Аланияға аттанды, онда емдеу мекемелерін аралап, зардап шеккен жерлестерімізбен кездесті.

«Қазақстанның 12 азаматының екеуінің жағдайы орташа ауыр. Оларға ота жасалып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлығында медициналық сақтандыру бар».Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Анталиядағы қазақстандық дипломаттар азаматтарымызбен тұрақты байланыста болып, тиісті жұмыс атқарып жатыр.


Ақпарат көзі: kaz.zakon.kz