Чт. Мар 13th, 2025

Қаржылай қолдау мөлшері 100%, 50% немесе 30% болуы мүмкін.

NNEF қоғамдық қоры мен Halyk қайырымдылық қоры Астана мен Алматы қалаларындағы Miras халықаралық мектептерінде оқуға гранттар ұсыну үшін байқау жариялады. Бағдарлама халықаралық стандарттар бойынша білім алғысы келетін дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған.

Халықаралық бакалавриат бағдарламасының артықшылықтары

1960 жылдары Швейцарияда құрылған Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасы қазіргі уақытта Женевадағы халықаралық білім беру қорының басқаруында. Алғашында бұл бағдарлама дипломаттардың балаларына арналған әмбебап білім беру жүйесі ретінде жасалған, ол қай елде болмасын сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Кейіннен IB бағдарламасы дипломатиялық шеңберден шығып, әлемдегі ең үздік білім беру жүйелерінің біріне айналды. Бүгінде IB дипломы халықаралық деңгейде жоғары бағаланады, ал түлектері әлемдік үздік жоғары оқу орындарына түсу кезінде үлкен артықшылықтарға ие.

IB жүйесінің бағалау үрдісі ашық және объективті. Қорытынды емтихан жұмыстарын олардың шыққан елін білмейтін халықаралық сарапшылар тексереді. Бұл біркелкі стандарттар мен бейтарап бағалауды қамтамасыз етеді.

Miras-та білім алу қандай мүмкіндіктер береді?

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Алматы мен Астана қалаларындағы Miras мектептерінің түлектері жоғары жетістіктер көрсетіп, University College London, Hong Kong University of Science and Technology, École Polytechnique, Boston University, King’s College London және басқа да беделді жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды.

Miras Almaty мектебінің түлегі Илес Эрдени Массачусетс штатындағы Boston University-ге «машина жасау» мамандығы бойынша түсті. QS World University Rankings рейтингінде бұл университет әлемнің үздік жүздігіне кіреді.

Досжан Бисимби Hong Kong University of Science and Technology-ге толық грантпен ($117 780) оқуға қабылданды.

Алижан Рысалиев АҚШ пен Түркияның жеті университетінен шақырту алды және Iowa State University of Science and Technology-ді таңдады. Бұл университет АҚШ-тың жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып табылады.

Полина Короленя University of Birmingham, University of Edinburgh, City University London және Regents University London-нан шақырту алып, University of Birmingham-ды таңдады. Ол бұл жерде «Бизнес және маркетинг» мамандығы бойынша білім алады.

Ең дарынды және белсенді түлектерге Halyk қайырымдылық қоры мектеп бітіргеннен кейін де қолдау көрсетеді. Мысалы, Miras Almaty мектебінің түлегі Беркімбай Назар АҚШ, Франция, Қытайдан бес университеттен шақырту алды, оның төртеуі толық грант ұсынды (жалпы сомасы $500 000). Назар Париждегі Ecole Polytechnique-ті таңдады – бұл әлемнің жетекші математикалық мектептерінің бірі (математика бойынша үздік 14, жалпы рейтингте үздік 38). Halyk қоры оған стипендия беріп, оқу мерзімі бойы тұру және жол шығындарын өтейді.

Miras-та оқуға грантты қалай алуға болады?

Соңғы бес жылда Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 1500-ден астам жоғары сынып оқушылары байқауға қатысты. Осы уақыт ішінде 70 грант берілді, оның 20-сы оқу ақысын толықтай қамтиды. Қаржылық қолдау мөлшері 100%, 50% немесе 30% болуы мүмкін.

«Гранттық бағдарлама дарынды оқушылардың қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді және олардың жоғары академиялық нәтижелерге ұмтылысын қолдайды. Сондай-ақ, бұл бағдарлама қаржылық шектеулерге байланысты сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға көмектеседі. Грант иегерлері ғана емес, олардың сыныптастары да үздік нәтижелерге жетуге ынталанады», – дейді NNEF қоғамдық қорының білім беру бөлімінің басшысы Мария Ковжасарова.

2016 жылы құрылған сәтінен бастап Halyk қоры және оның негізін қалаушылар Тимур және Динара Құлыбаевтар жалпы білім беретін мектептердің дарынды оқушыларын, техникалық, кәсіптік және жоғары білім алушы студенттерді қолдау мақсатында 250 миллион теңгеге жуық білім гранттарын бөлді. Бұл гранттар оқушылардың жоғары оқу нәтижелеріне ұмтылысын ынталандыруға және елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Байқауға 9-сынып пен 10-сыныпты бітірген, үлгерімі жақсы және үздік оқушылар қатыса алады. Халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері қосымша артықшылыққа ие болады.

Іріктеу аясында ана тілі және ағылшын тілі, математика пәндері бойынша тестілеу және эссе жазу қарастырылған. IB Дипломдық бағдарламасына түсу үшін емтихандар ағылшын тілінде өтеді.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады:

  • Miras Astana мектебінде құжаттарды қабылдау 2025 жылдың 3 ақпанында басталды және 11 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеу 14 сәуірден 16 мамырға дейін өтеді, нәтижелері 2-13 маусым аралығында жарияланады;
  • Miras Almaty мектебінде өтінімдер 15 ақпан мен 30 наурыз аралығында қабылданады, тестілеу 1 сәуірден 14 мамырға дейін өтеді, ал нәтижелер 1-15 маусым аралығында жарияланады.

Толық ақпаратты мектептердің ресми ресурстарынан алуға болады.


Ақпарат көзі: Informburo.kz