Сб. Июл 27th, 2024

Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» жеке қайырымдылық қоры 4 млрд теңгеден астам сомаға ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойды. Бұл қаражат Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен 20 аула алаңын салуға, Бейнеудегі астық терминалының жұмысын қалпына келтіруге және жаңғыртуға, сондай-ақ Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метр су тұщыту зауытын салуға жұмсалады.

Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метр су тұщыту зауыты салынады

Түпқараған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиевтің айтуынша, Ақтауға жақын орналасқан Ақшұқыр және Саин Шапағатов ауылдарында да су тапшылығы орын алып отыр. «Халық» қоры жобаны қолдауға 300 миллион теңге бөледі.

Орталық құдық арқылы ауыз суға қол жеткізгендердің бірі — Талшын Мақсұткызы. Қазір ол өз бақшасына жақсы күтім жасай бастағалы ағаштар жеміс бере бастағанын айтады.

«Осы көктемнен бастап үйімізге орталық жүйеден су келе бастады. Маңғыстау өңірінде жаз өте ыстық екенін білесіздер. Мен балалармен бірге бақшамызды суарып, енді еңбегіміздің жемісін жинай алатынымызға қуаныштымын. Бұл үшін «Халық» қайырымдылық қорына алғысымды білдіргім келеді», — деді Саин Шапағатов ауылының тұрғыны.

Қор қазіргі заманғы дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салуға 1,4 миллиард теңге бөледі және Жаңаөзенде 20 аула балалар алаңын салады

Жаңаөзенде жаңа спорт орталығының құрылысы тұрғындардың физикалық жағдайын жақсартуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді. Оның құрылысы кезінде 150 уақытша жұмыс орны, ал ашылғаннан кейін 50 тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

Жаңаөзен қаласы мәслихатының хатшысы Сақи Мыңбайдың айтуынша, нысандарды салу балаларға ғана емес, жастарға да тиімді болады.

«Қазір халық саны артып келеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жастарды шабыттандырады. Сонымен қатар, балаларымыз да жаңа аула алаңдарына қуанатыны анық. Жас ұрпақтың мәдени ортада қалыптасуы маңызды. Жаңа жұмыс орындары олардың дамуына тікелей әсер етеді. Мұндай жобалардың көп болғанын қалаймыз», — деді Сәки Мыңбай.

Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы — бұл адамдар бокс, күрес, мини-футбол, теннис, волейбол және баскетбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналыса алатын спорт мекемесі. Орталық спортзалмен, киім ауыстыратын бөлмелермен және душ бөлмелерімен жабдықталған.

Аула алаңдарына келетін болсақ, қазір әкімдік 20 учаскені таңдайды. Жаңаөзеннің 55 жылдығына орай құрылыс аяқталып, қала тұрғындарына тапсырылуы тиіс.

«Халық» қоры Бейнеу ауданындағы астық терминалын қалпына келтіреді және жаңғыртады

2021 жылы Бейнеу астық терминалы банкрот деп танылып, бірнеше жыл жұмыс тоқтап қалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте терминал қызметін қайта бастау қажеттігін атап айтқан болатын.

Енді Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» қоры Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау үшін 1,8 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсету туралы Меморандумға қол қойды. Бұл өңірді ұнмен және жеммен қамтамасыз етуге, сонымен қатар Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан және т.б.) экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беруі тиіс.

Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Теміровтың айтуынша, бұл терминалдың жұмысы 2018 жылы тоқтатылған.

«Компанияның белгілі бір қарыздарына байланысты бұл ірі терминалдың жұмысы 5 жыл бойы тоқтап тұрды. Терминалдың өнімділігі жылына 90 мың тонна астық пен 30 мың тонна етті құрайды. Жұмыстың қайта жандануы арқасында халықты астықпен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру мәселесі шешілуде. Жақын арада жұмысқа 200-ден астам адам қабылданады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды», – деді Жалғас Теміров.

«Халық» қорынан алынған ақшаға Маңғыстау облысының әкімдігі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Бейнеу ауданындағы астық терминалын қалпына келтіріп, одан әрі жұмыс істеуге бағытталған қызметті үйлестіруді қамтамасыз етеді.

«Халық» жеке қайырымдылық қорының атқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ынтымақтастық туралы меморандумдар өңірдегі әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталғанын айтты.

«Аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ететін ірі жобаларды қолдау қажеттілігі анық. «Халық» қорының қамқоршылары Тимур мен Динара Құлыбаева Маңғыстауда әлеуметтік-қайырымдылық жобаларын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін атап өткім келеді. Өңірде олар жыл бойы біртіндеп іске қосылады», — деді Нариман Әбілшайықов.

Айта кетейік, 2016 жылы құрылған «Халық» жеке қайырымдылық қоры қазақстандықтарға тұрақты көмек көрсетіп келеді. Қор 45 миллиард теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын іске асырды.


Ақпарат көзі: «Халық» қоры