Пт. Ноя 22nd, 2024

Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіруге 1,8 млрд теңге бөлінеді.

2023 жылы 9 тамызда Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» қайырымдылық қоры Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру мақсатында 1,8 млрд теңге қаражат көлемінде қайырымдылық көмек көрсету туралы меморандумға қол қойды.

Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе «Халық» қорынан бөлінген демеу қаржыны Бейнеу ауданында орналасқан Бейнеу астық терминалы жұмысын (бұдан әрі – БЗТ) қайта жаңғырту және алдағы қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуге бағыттайды. Жоспарға сәйкес терминал жұмысын қайта қалпына келтіру өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ұн өнімдері және мал азығы тапшылығын болдырмауға, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Теміровтың айтуынша, бұл терминалдың жұмысы 2018 жылы тоқтатылған. 

— Компанияның белгілі бір соммада берешектерінің болуына байланысты 5 жылдан бері атаулы терминал жұмысын тоқтатқан болатын. Терминалдың қуаттылығы жылына 90 мың тонна ұн, 30 мың тонна жем өндіреді. Соңғы жылдары қуаңшылық салдары өңір экономикасына кері әсерін тигізуде. Зауыт іске қосылысымен ұн, астық  мәселесі шешіледі, халықты жұмыспен қамту деңгейіне оң ықпал етеді. Яғни алдағы уақытта 200 -ге жуық адам жұмысқа орналасады. Бұл халық үшін өте қуантарлық жағдай, — дейді Жалғас Теміров.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте аталған мәселенің жуық арада оң шешімін табуы айрықша маңызға ие екендігін, сондай-ақ, азық-түлік бағасының өсімін тежеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне  қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи форматтағы сауда алаңдарын құру қажеттілігін айтқан болатын. 

«Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ірі өңірлік кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіру дәнді дақылдарды сақтау сыйымдылығының тапшылығын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретінін айтады.

— Осындай әлеуметтік және экономикалық жағынан өңірдің дамуына септігін тигізетін ірі жобаларға қолдау қажет екені түсінікті. Бұл ретте мұндай қолдауды «Халық» қорының құрылтайшысы Тимур Құлыбаев көрсетіп отыр. Бұл жобаның экспорттық әлеуеті жоғары. Зауыт іске қосылса, тәулігіне 400 мың тонна бидай өңделеді. Өнімді Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан елдеріне экспорттау көзделген, — деді Нариман Әбілшайықов.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz