Сб. Апр 20th, 2024

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті жұмысын жаңа құраммен жалғастырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті.

Жиында ұйым қызметіндегі маңызды сәттер талқыға түсіп, шешімдер қабылданды. ҚР ҰОК жоғары басқарушылық органдарының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорттық федерациялардың 35 өкілі мен ҚР ҰОК спортшылар Комиссиясының екі өкілі қатысты. 

Ассамблеяның кезектен тыс отырысында жасөспірімдер құрамасының 2024 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасындағы нәтижесі қорытындыланып, шілде айында Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды.

 ҰОК құрылтай құжаттарын заң нормаларына сәйкес өзектендіру, ҰОК басқару органдарының өкілеттік мерзімін бір мерзімге жеткізу мәселелері және 2015-2023 жылдар аралығындағы Қазақстан ҰОК қызметінің көрсеткіші сөз болды. 

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев Бас Ассамблея мүшелеріне ұйым президенті ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлады. 

Бас Ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша ҚР ҰОК президенті болып – қазақстандық боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, көптеген  атақтың иесі әрі осы қызметке жалғыз кандидат Геннадий Головкин сайланды. 

ҚР ҰОК Атқарушы комитеті мен Тексеру комиссиясының құрамы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты жұмысын аяқтады. 


Дереккөз: inbusiness.kz