Вт. Дек 24th, 2024

«Аспанның құдайы»: депутат Жаңбыршин Air Astana компаниясын сынға алды

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуметін аттыру мәселелеріне арналған үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana әуекомпаниясының жұмысын сынап, «оның мәселесін дұрыстап қарауды» ұсынды.

«Air Astana аспанның құдайы болып алған. Билеттің бәрінің құны ұшу жақындаған кезде көтеріледі. Олай болмауы керек. Жақындаған уақытта билет бағасы түсуі керек. Себебі билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс жасайды. Air Astana мәселесін дұрыстап қарау керек», — дейді мәжіліс депутаты.

Еділ Жаңбыршин биыл жазда бұл әуекомпаниның ұшағы шамамен жарты тәулікке кешіккенін, содан бері айыппұл өндіріп ала алмай жүргенін баяндады.

«Біз бір сағат кешіккенге үш пайыз айыппұл салатын ереже енгіздік. 2 тамызда Air Astana шамамен 12 сағатқа кешікті. Әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрміз. Неге? Олардың әдейі жасап қойған құйтұрқы схемасы бар. Сайтына кіріп, өтініш тастап, ақша алу қиын. Мен соның соңында әдейі жүрмін. Бәрібір өндіріп аламын», — деп мәлімдеді Жаңбыршин.

Соған байланысты депутат азаматтардың әуекомпанияларынан айыппұл өндіріп алу ісін жеңілдетуді сұрап отыр.

«Мына бір қызықты қараңыз. Айыппұл өндіріп алғаныңыз туралы ешкімге тіс жарып айтпайсыз деген шарт қояды. Air Astana ғана емес, басқа да әуекомпанияларынан айыппұл өндіріп алу тәртібін жеңілдетіңіздер. Өтініш берген адамның ақшасы оның есебіне тезірек түсуі тиіс. Мыналар өте қиындатып қойған. Соның соңында ерінбей жүретін адам ғана ақшасын қайтарып ала алады», — деп мәлімдеді депутат.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ