Пт. Май 17th, 2024

Ол Президент Әкімшілігінен «Ақылды қалалар» жобасын үйлестіруді жоғалтқаны үшін сөз естіген. 

Осы бағыттағы қаптаған жобаларға жұмсалған миллиардтардың қайда кеткені белгісіз.

Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында «өз еркімен отставкаға» кеткенін («я подал в отставку») мәлімдеді.

Бірақ үкіметтегілердің айтуынша, соның алдында ғана ол алдағы атқаратын жұмыстарын белгілеп, жүгіріп жүрген. Өзі неге министр лауазымынан кеткенін түсіндірмеді. Қайда баратыны туралы да тіс жармады.

Тек «цифрландыру саласын басқаруды сеніп тапсырған және мүмкіндік берген» Мемлекет басшысына алғыс айтумен шектелді.

«Қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдеткен және ыңғайлы еткен жетістіктерімізді мақтан тұтамын, бұл әрине цифрлы мемлекеттік қызметтер. Сонымен қатар, прогрессивті цифрлы өнімдеріміз халықаралық деңгейде атап өтілді және елімізді әлемдік цифрлы көшбасшылар қатарынан көрінуге мүмкіндік берді», – деп Бағдат үш жылдық министрлік қызметін жан-жақты қортындылап жатпай, қысқа қайыра салды.

Жалпы, inbusiness.kz сайты бірнеше жыл бойы Цифрлық даму министрінің пиары келісті, бірақ көзбояу жобалары көп екенін талай талдап жазды.

Бұл жайт Президент Әкімшілігі жүргізген кешенді тексеру барысында да анықталды. Қазақстанда Цифрлық даму министрлігі жауап беретін имидждік және практикалық жоба – «Smart City» бағдарламасына кірген ақылды қалалар мен жобаларды дамытуда еш жүйелілік жоқ көрінеді.

Жан-жақты тексеріс өткен жылдың соңында жүргізілген, алайда оның қорытындысы енді ғана бізге, жұртшылыққа белгілі болып отыр.

Сонымен, Президент Әкімшілігі кешенді тексерісті 2023 жылғы қарашада жүргізді. Оның барысында ел басшылығының аудиторлары мен сарапшылары Қазақстанда «Smart City» жобасын жүзеге асырудың сапасына, «Ақылды қалалар» концепциясы бойынша цифрлық шешімдерді ендірудің сапасына жіті үңіліп, жасалған жұмыстың егжей-тегжейін жан-жақты пысықтаған.

Нәтиже көңіл көншітпеген көрінеді

Тексеру қорытындысында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың тапсырмалары мен сын ескертпелері жазылған арнайы хат осы бағдарлама мен салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне келіп түсті.

Ақордадан бағытталған хатта атап айтылғандай, «заманауи, барынша өзекті, тиімді және халық тарапынан шын мәнінде сұранысқа ие цифрлық жобаларды әзірлеу бойынша да, жүзеге асыру бойынша Цифрлық даму министрлігі тарапынан мүдделі меморгандар мен бизнес қоғамдастықтың іс-қимылдарын бірыңғай үйлестіру-координация жоққа тән».

Бағдат Мусин командасының жалғыз «Ақылды қалалар» саласындағы ғана емес, елге керекті цифрлық шешімдер бағытындағы бүкіл жұмысы сынға ілікті. Бұл сын әділетті болса керек. Мусин 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстанның бүкіл «электронды Үкіметін» Ресейдің «Сберінің» GovTech платформасына көшіруге талаптанды. Халық шу көтеріп, әзер тоқтатты. Әйтпесе, Мусиннің өзі хабарлағандай, Сбердің платформалық цифрландыру моделіне көшу Қазақстанға шамамен 500 миллион долларға (шамамен 215 миллиард теңгеге) түсетін еді. 

Сонда Қазақстанның бүкіл «электронды Үкіметі» жайрап қалуы мүмкін еді. Қалай болғанда, содан бері Цифрлық даму министрлігі заманауи, өзекті, тиімді және халық тарапынан шын мәнінде сұранысқа ие цифрлық ірі бастамаларымен көзге түспеді.

Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, Президент кеңесшісінен түскен хатта «халықтың тіршілік салаларының барлық деңгейлерінде цифрландыруды ендірудің маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ мемлекеттегі коррупциялық көріністерді азайту, адамдардың өмір сапасын арттыру мақсатында» келесідей тапсырмалар берілген. Үкіметке уәкілетті орган ретінде Цифрлық даму министрлігінің «Ақылды қалаларды» дамытуды ведомствоаралық және салааралық үйлестіру құзырын қарастыру жүктелді.

Үкімет «Ақылды қалалардың» Эталонды стандартын жүзеге асыру сапасына бағалау жүргізу функцияларын пысықтауға тиіс.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда «Ақылды қалалар» тізімін Астана мен Алматы бастап тұр. Сонымен бірге облыс орталықтары арасынан 2023 жылғы рейтинг бойынша Өскемен, Орал және Қарағанды қалалары көшбасшылардың бестігіне кіріпті.

Бірінші вице-премьер салада жүйелілік, кешенділік жоқтығын жасырмады.

«Қазақстанда «Ақылды қалалардың» толыққанды экожүйесін құру талап етілетінін мойындауымыз керек. Ол Смарт ситидің барлық технологиялық компоненттерінің өзара үйлесімді ықпалдастығын қарастыруға тиіс. Оның үстіне мұнда енді жасанды интеллект қолданылуы қажет. Осыған байланысты бүгінде Цифрлық даму министрлігі Эталонды стандартты актуализациялау жұмысын жүргізуде», – деді Премьердің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Оның мәліметінше, әкімдер мен депутаттық корпустан түскен ескертпе-ұсыныстарды назарға ала отырып, Үкімет «Ақылды қалалардың» жобалары тізімін «қатаң анықтаудан» бас тартуға ниетті. Оның орнына әрбір қалаға арналған «Жол карталары» әзірленіп, жүзеге асырылады. Жол картасында әрбір қаланың жергілікті ерекшелігі мен мұқтаждығы ескеріліп, «смарт пакеттер» бекітіледі.

«Бұл жұмысты биылғы жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұтастай алғанда, «Ақылды қалаларды» дамыту мәселесі Үкіметтің бақылауында», – деп сендірді Роман Скляр.

«Ақылды қалаларды» және цифрлық жобаларды енгізу ісін үйлестіру мақсатында Цифрлық даму министрлігі биылғы 5 наурызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы №24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі №501 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірлеп шықты.

2024 жылғы 12 наурызда ел Үкіметінің дәл осылай аталған №169 қаулысы қабылданды. Бірақ онда «Ақылды қалаларға» қатысты бап жоқ. Бұл сала бөлек пысықталуда және жеке қаулымен бекітіледі деп күтілуде.

Құжат жобасы аясында Цифрлық даму министрлігі туралы ережеге толықтыру енгізіліп, ведомствоға «Ақылды қалалар» бастамаларын жүзеге асырудың сапасына, Эталонды стандартқа сәйкес жыл сайынғы бағалау жүргізу» құзыры берілмек.

Ақылды қала деген не?

Айтқандай, «Голос народа» редакциясының журналистері таяуда, биылғы сәуірде Астанадан 110 шақырым жерде орналасқан Ақмола облысының Ақкөл қаласына сапарлап қайтты. Билік Ақкөлді осыдан 6 жыл бұрын «еліміздегі №1 ақылды қала» деп жариялаған болатын. Алайда журналистер бұл шағын шаһарды «ақылды» етуге жұмсалған 2,5 миллиард теңгенің халық өмірін еш жақсартпағанына куә болды.

Масқарасы сол, «Ақылды қала» жобасын қолдап тұруға жыл сайын 150 миллион теңгеге жуық ел қаржысы шығындалады екен.

«Smart City» тұжырымдамасына сай, Ақкөлде бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жағдаят орталығы ашылған еді. Қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық ақпарат – тәулігіне қанша электр энергиясы, жылу энергиясы, су тұтынылғаны, қай жерде өрт тұтанғаны, маңызды объектілерде қандай ақау болғаны және басқа да деректер осы орталыққа тоқтаусыз лекпен түсіп тұрады делінді.

Қаланың көшелеріне интеллектуалды бейнебақылау камералары, ақылды орындықтар орнатылды. Қала орталығындағы алаңда, автобус аялдамаларында тегін Wi-Fi іске қосылды.

Бүгінде жергілікті тұрғындардың айтуынша, «ақылды» дегеннен еш жұрнақ қалмаған. Көшедегі тегін Wi-Fi көп ұзамай өшкен. Қыруар қаражат шығындап орнатылған, күн батареяларымен жарақталған ақылды орындықтар күн нұрынан қуат өндіріп, жолаушыларға ұялы телефондарын қуаттап алуға мүмкіндік беруге тиіс еді. Бүгінде оның бәрін тот пен шаң басқан, халықтың игілігіне қызмет етпейді. Жергілікті бұзақылар тұтатқышпен күйдіріп, бүлдірген.

Жағдаят орталығынан да тиімділік болмай тұрған көрінеді. Жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдай және басқа қызметтер, коммуналдық кәсіпорындар әрқайсысы жеке-жеке жұмыс істейді, іс-қимылы бір жерден ортақ үйлестірілмейді.

«Бізде «ақылды» дейтін ештеңе жоқ. Осының бәріне орасан зор ақша бөлінді, нәтижесі шамалы. Үйлерімізге «ақылды» есептегіштерді орнатып шықты, соған қарамастан есептегіштер көрсеткіштері жағдаяттық орталыққа автоматты түрде түсе бермейді. Салдарынан, контролерлар үйлерді жаяу аралап, көрсеткіштерді жазып жүруге мәжбүр. Меніңше, «ақылды қалада» тақтайдай түзу жолдар, тамаша абаттандырылған, жақсы жарықтандырылған көшелер болуға тиіс. Әрбір үйге су құбыры кіріп тұрғаны жөн. Мұның бірі де жоқ», – деді жергілікті тұрғын Любовь Гнатиева.

«Ақылды» деген Ақкөл негізінен, қарапайым, жатаған жеке үйлерден және кеңес кезінен қалған бірнеше қабатты тұрғын үйлерден тұрады. Олар электр қуатын үнемдейтін, жылу сақтайтын материалдармен, технологияларымен жабдықталмаған. Вокзал ауданындағы тұрғын үй тұрғындары өз баспаналарына сол бойы су жүргізілмегеніне шағымданады. Қалалықтар суды көшедегі колонкалардан тасып ішеді. Екі қабатты тұрғын үйлердегі отбасылардың өзі қыста сырттағы «сарайдан» көмір мен ағаш тасып, пеш жаққан. Олардың арасында мүгедектер де тағдыр тауқыметін тартып жатыр.

Цифрлық технология атаулыдан тек «Сергек» видеокамералар қалған, оның өзі орталықпен шектелді: жалпы саны отыз шақты. Қаланың шеті бейнебақылаумен қамтылмаған.

Демек, мұндай қаланы «ақылды» деп атаудың өзі ұят. Кезінде Smart Aqkol жобасына тек ресми мәлімет бойынша 2,5 миллиард теңге қаржы шығындалған еді.

Айтпақшы, Бағдат Мусин Ақмола облысының орталығы, әлі күнге кеңестік үлгідегі қала күйінде қалған Көкшетауды да «Ақылды қала» деп санаған еді. Ол мұны былтырғы 27 қазанда Көкшетау жұртшылығымен кездесуде айтты. Көкшетау еліміздегі Smart City рейтингінде 8-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда өз позициясын жақсартыпты.

Сонда Көкшетау қаласында «ақылды» дейтін не бар? Мусин оның қатарында 20 мыңнан астам бейнекамераның орнатылғанын, оның 3,8 мыңнан астамы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылғанын атаған еді.

Цифрлық даму экс-министрі Көкшетау қаласында автобустардағы жол ақысын төлеудің электронды жүйесі жұмыс істейтінін, электронды төлемнің үлесі 91%-ды құрайтынын алға тартты.

Бұдан бөлек, Бірыңғай есеп айырысу орталығы жобасы іске асырылды. Қазіргі кезде барлық 10 табиғи монополия субъектісі сол жүйеге қосылған. Нәтижесінде, көкшетаулықтар коммуналдық қызметтердің төлемақысын бір түбіртекпен алады.


Дереккөз: inbusiness.kz