Чт. Июн 18th, 2026

Сарапшылар ауған әйелдерінің құқықтары жіті қорғалмай отыр деген пікірде.

15 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстан бойынша қарарды бірауыздан қабылдап, «Талибан» қозғалысының билігінен әйелдер мен қыздардың құқықтарын шектейтін шараларды жедел түрде жоюды талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатта БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек миссиясының (UNAMA) мандаты 2027 жылғы 17 маусымға дейін ұзартылды. Қытай қарарға бастамашылық жасады. Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фу Цун халықаралық қауымдастық Ауғанстан билігінен адам құқықтарын, әсіресе әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында нақты қадамдар күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі Пәкістанның шекара маңындағы шабуылдарға қатысты айыптаулары аясында Кабулды ел аумағындағы қарулы топтарға қарсы күресті күшейтуге шақырды.

Қарардың қабылдануы Ауғанстанда әйелдерге қысымның күшейген кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. UNAMA мәліметінше, 6-7 маусым күндері Герат қаласында киімге қойылатын талаптарды бұзды деген айыппен 30 әйел ұсталған. БҰҰ мұндай деректердің әйелдерге құқықтық салдар ғана емес, әлеуметтік зардаптар да әкелетінін атап өтті. 

Бұл оқиғалардан бірнеше күн өткен соң Гератта наразылық акциялары өтті. БҰҰ дерегіне сәйкес, шеруді тарату кезінде кемінде бір адам қаза тапқан. Human Rights Watch ұйымының өкілдері тәліптердің шамадан тыс күш қолданғанын айтты.

БҰҰ 2021 жылы тәліптер билікке қайта оралғаннан кейін енгізілген барлық шектеуді қайта қарауды талап етіп отыр. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылардың айтуынша, ауған әйелдері білім алу, қоғамдық өмірге араласу, еңбек ету және еркін жүріп-тұру құқықтарының айтарлықтай бөлігінен айырылған. 


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу