Чт. Дек 5th, 2024

Сәуірде Атырау облысының Индер ауданы Индербор кентіндегі үйден шыққан өрттен анасы мен балалары қаза тапқан еді. Бүгін осы қылмыстық іске қатысты үкім шығып, үйге от қойған күдікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Атырау соттарына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот деректеріне сәйкес, айыпталушы жәбірленушімен қарым-қатынаста болған, бірақ кейін олардың арасында келіспеушіліктер туындап, жәбірленуші қарым-қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдаған.

«Алайда сотталушы жәбірленушінің мазасын алып, оның пәтеріне екінші қабаттағы терезе арқылы кірген. Егер ол оны тастайтын болса, үйге бензин шашып өртейтінін айтып, оған пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан.

Өз өмірі үшін қауіптенген жәбірленуші сотталушыға балаларының (бірінші некеден) ұйықтап жатқанын, өзінің донер жегісі келіп тұрғанын айтып, алдап, сотталушыны пәтерден шығарып жіберген. Кейін танысын көмекке шақырған. Ол сотталушыдан әйелді мазаламауын талап еткен. Жәбірленуші сотталушының қайтып келетінін біліп, танысынан өзінің және балаларының жанында қалуын сұраған», — делінген сот хабарламасында.

Сот барысында қызғаныш пен ашуға булыққан айыпталушы 5 литрлік бензин, қағаз, оттық сатып алып, жәбірленушінің пәтеріне қайта терезеден кіргені анықталған. Пәтерде жәбірленушінің танысы мен балалары ұйықтап жатқанын біле тұра, айыпталушы үйді бензин шашып өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сот ақпаратына сәйкес, өрт кезінде жәбірленушіні қатты күйік шалғандықтан, балаларына көмектесе алмаған. Танысы терезе әйнегін сындырып, жәбірленуші екеуі далаға секірген.

Қайғылы оқиға салдарынан жәбірленушінің 10 жасар ұлы мен 7 жасар қызы пәтерде қаза болса, оның өзі күйіктен (денесінің 90 пайызы) ауруханада көз жұмды, танысы аман қалды.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелденген.

Прокурор және жәбірленушілер сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, өзінің аффект жағдайында болғанын айтып, ақтауды сұраған. Сот өкілдері таратқан мәлімет бойынша, сараптамаға сәйкес, сотталушы аффект жағдайында болмаған, психикалық тұрғыдан сау болған.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмады.

«Сотталушы Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды

Жәбірленушілердің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді», — делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

25 сәуірде Атырау облысының Индер ауданы Индербор кентінде қайғылы жағдай болғанын еске саламыз. 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінде пәтер түгел өртке оранып, екі жасөспірім оқиға орнында қаза тапты, ал балалардың анасы ауруханада көз жұмды.


Дереккөз: Nur.kz