Чт. Авг 20th, 2026

Бұл тыйым шылым бағасын қарапайым халыққа қолжетімсіз ету арқылы жүзеге асырылады.

Баға өскен сайын темекі түтіні сейіле ме?

Қазақстанда темекі шегумен күрестің тағы бір тетігі іске қосылды. 2026 жылғы 1 тамыздан бастап темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек бағасы күрт көтерілді. Қаржы министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі №499 бұйрығымен сүзгісі бар және сүзгісіз 20 тал темекі, папирос, сигарилла және қыздырылатын темекі өнімдерінің ең төменгі бағасы 1 060 теңге болып белгіленді. Бұл шек 2026 жылғы 1 тамыздан 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі баға тағы ұлғайтылып, 20 тал толтырылған бір қораптың минималды бағасы 1 120 теңгеге жетеді.

Бұған дейін, 2026 жылғы 1 қаңтардан бері ең төменгі баға 970 теңге болған еді. Демек, бір жылға жетпейтін уақытта заңмен белгіленген ең төменгі баға 150 теңгеге, яғни, шамамен 15,5 пайызға өсіп шыға келеді. Бағаның бұлайша күрт жоғарылауы ел тарихында болмапты.

Бұл ретте өндірушілер, импорттаушылар мен алыпсатарлар дәл осы бағаға өз үстемесін қосады. Ең төменгі бөлшек баға – барлығы үшін міндетті шек. Одан төмен құнмен темекі сатуға болмайды. Сатса, ол контрабанда саналады, тәркіленеді. Ары қарай жойылуы мүмкін.

Талап «Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заңға негізделген. Ал, оның орындалуын бақылау Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген. Өйткені контрабандамен күресетін кеден органы да, салым-алық жинайтын салық қызметі де соның құратында.

Мемлекеттің бұл саясатының астарында қарапайым экономикалық есеп жатыр: темекі қымбаттаған сайын оны тұрақты тұтынушы үшін қаржылық салмақ артады. Ары қарай шылымқор қиын таңдаудың жолайырығына тіреледі: не бағасы шығандап бара жатқан бұл өнімнен түпкілікті бас тартады, немесе зиянды іңкәрлігін қаржыландыру үшін жаңа табыс көзін іздейді.

Әрине, бағаның өсуі жаман әдеттің бірден жоғалуына кепіл емес. Өйткені статистика темекінің Қазақстан қоғамындағы тамыры әлі де терең екенін көрсетеді. Халықтың ең үлкен қабатын құрайтындар арасында көк түтінді паравоздай будақтататындар әлі де көп болып тұр.

Әйтсе де, шылымқорлар азайып бара жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сұрауымен 2020 жылдан бері Ұлттық статистика бюросы еліміздегі ересек тұрғындардың темекі өнімдерін тұтынуына қатысты зерттеу жүргізіп келеді. Бұл зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ересектер арасындағы жаһандық темекі зерттеуі» (ағылшынша – GATS) халықаралық әдіснамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ұлттық статистика бюросының күні кеше жариялаған, 2026 жылға арналған соңғы зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда 15 жастан асқан халықтың 15,1%-ы темекі тұтынады. Бұл – 2025 жылғы 17,5%-бен салыстырғанда 2,4 пайыздық тармаққа төмен. Тоқсаныншы жылдары елде әрбір үшінші адам шылым тартатын. Яғни, жыл сайын Қазақстан халқы бұл залалды ғадеттен арылып келе жатқандай.

Бұл жерде назар аударарлық жайт бар: темекі тұтыну көлемі жыл сайын азайып келе жатқанымен, әрбір жетінші қазақстандықтың шылым шегуі – әлі де жоғары көрсеткіш. Оның үстіне ауылдағы жағдай қалаға қарағанда күрделірек. Қалалық жерде темекі тұтынатындардың үлесі 14% болса, ауылда бұл көрсеткіш 17,8%-ға жетеді. Яғни, ауылдағы деңгей қаладан 3,8 пайыздық тармақ жоғары.

Әлеуметтанушылар бұл айырмашылықтың әлеуметтік себептері болуы ықтимал дейді: табыс деңгейі, өмір салты, темекіге қолжетімділік, әлеуметтік орта және басқа факторлар әсер етеді. Қала түтіннен ада болмаса да, ауылдың тынысы бұл мәселеде ауырлау көрінеді.

Қаладағылардың темекімен әуестенуіне қолы тие бермеуі мүмкін. Оның үстіне үнемі «перекурға» жүгіре беретін кеңсе қызметкерінен жұмыс беруші құтылуға асығары даусыз. Ал, ауылдағы мамыражай тіршілік көк түтінді ұзақ соруға мүмкіндік берсе керек.

Темекінің негізгі тұтынушысы – еркектер

Жыныстық айырмашылық та Ұлттық статбюроның есебінде айқын көрінеді. Елдегі барлық ерлердің 30,5%-ы темекі тұтынады. Бүкіл әйелдер арасында бұл көрсеткіш небәрі 4,9%. Яғни, ерлер арасындағы үлес әйелдерден 25,6 пайыздық тармақ жоғары. Басқаша айтқанда, шамамен алты еседен астам айырмашылық бар. Саламатты өмір салты бойынша Қазақстанның көрсеткішін кімдердің бұзатынын байқауға болады.

Қазіргі темекі тұтынушылардың құрылымында да осы алшақтық сақталды: темекі шегетіндердің 80,3%-ы – ер адамдар, 19,7%-ы – әйелдер.

Соның ішінде ерлердің 81,6%-ы күн сайын шегеді. Нәзік болмыс иелері арасында бұл үлес 18,4%. Демек, Қазақстандағы темекі мәселесі ең алдымен ерлер арасында ушыққан әлеуметтік құбылыс болып отыр. Бірақ әйелдер арасындағы 4,9%-дың өзін азсыну қате: бұл кесапат жүздеген мың ананың және солар арқылы жас ұрпақтың денсаулығына соққы беріп жатыр.

Ең шылымқор буын – орта жастағылар

Жас ерекшелігі бойынша статистика қоғамдағы «темекішілдіктің» қай кезеңде күшейетінін анық көрсетеді:

• 15–17 жастағы жасөспірімдердің 3,8%-ы,

• 18–28-дегі жастардың 8,2%-ы,

• 29–38 жастағы азаматтардың 17,6%-ы,

• 39–48 жастағылардың 20,7%-ы,

• 49–59 жастағылардың 21%,

• жасы 60-тан асқан қазақстандықтардың 9,6%-ы темекі тұтынады.

Статистика мамандары бұл қатарда бір жылда бір рет болса да көк түтін сорғандардың бәрі қамтылғанын ескертеді.

Ал, тұрақты түрде, яғни, күн сайын темекі тартатындардың жалпы халық саны арасындағы үлесі:

• 15–17 жастағылар арасында – 3,1%,

• 18–28 жастағылар арасында – 6,8%;

• 29–38 жастағылар арасында – 16,1%;

• 39–48 жастағылар арасында – 19,3%;

• 49–59 жастағылар арасында – 19%;

• жасы 60-тан асқан егде жастағылар арасында – 8,3%.

Осылайша, Қазақстандағы ең шылымқұмар адамдар – 29–59 жас аралығындағылар. Бұл дерек бір жағынан, жас ұлғайған сайын темекіге тәуелділік күшейетінін, екінші жағынан, Қазақстанда еңбекке қабілетті орта жастағы азаматтардың үлкен бір бөлігін темекі деген кесір құртып жатқанын паш етті.

Күніне 11 миллион «мұржа» будақтайды

Қазақстандағы темекі нарығын дәстүрлі өнім түрлері басыбайлы жайлаған деуге болады. Ұлттық статистика бюросының есебінде көрсетілгендей, қазіргі темекі тұтынушылардың 98,6%-ы «өнеркәсіптік жолмен өндірілген қарапайым сигаретті» шегеді.

Электронды сигареттердің үлесі – бар-жоғы 0,4%, IQOS және GLO тәрізді қыздырылатын темекі жүйелерінің үлесі – небары 0,9%, басқа темекі өнімдерінің еншісі – 0,1% ғана. Осылар қанша жерден жарнамасының көрігін қыздырса да, әртүрлі деңгейлерде лоббиін жүргізсе де қазақстандықтардың сүйіспеншілігіне ие бола алмай, бәсекеде кәдімгі шылымға ұтылды.

Ақпарат құралдары мен кейбір сарапшылар қазақстандық қоғамда электронды және қыздырылатын өнімдердің кең таралғаны жөнінде пікір тудырғанымен, статорганның зерттеуі «Қазақстандағы қазіргі темекі тұтынудың негізгі еншісі сол бұрынғыдай дәстүрлі сигаретте» екенін анықтады.

Күнделікті тұтыну көлемі де жаға ұстатады: ҰСБ қазақстандықтардың тәулігіне 11 миллион 60 мың 83 темекі шегетінін әшкереледі. Бұған қоса, Қазақстан азаматтары күн сайын 253 289 рет – қыздырылатын темекі өнімдерін, 46 615 рет электронды сигаретті, 34 263 рет басқа өнімдерді тұтынады. «Басқа өнімдер» қатарында адамдардың не шегетінін статистикашылар нақтыламады.

Бюро тағы бір қызықты дерекке назар аудартты. Қазақстандық шылымқорлардың күн сайын:

• 36,1%-ы – 15-тен 24 талға дейін;

• 30,8%-ы 10-нан 14-ке дейін,

• 25,5%-ы – 5-тен 9-ға дейін,

• 6,2%-ы 5-тен көп,

• 1,4%-ы – 25 талдан көп темекі тартады.

Өңірлердің ахуалы нешік?

Өңірлік кестеде құрылымдық айырмашылықтар анық көрінеді. Темекі тұтынушыларының көптігі жөнінен Алматы қаласы алдына ешкімді салмайды: тұрғындарының 14,2%-ы шылымға әуес. Бәлкім, еліміздің ең ірі мегаполисінің тұмша-смог түтінге бөгіп тұруына осы фактор да ықпал ететін болар?

Өзге «антилидерлер» арасында Астанада шылымқорлардың үлесі – барлық тұрғындардың 9,3%-ы, шахтерлік Қарағанды облысында – 6,4%, елдің рухани астанасы Түркістан өңірінде – 6,7%

Бір жақсысы, «темекі» десе тұрғындары түнере теріс қарайтын аймақтар бар. Шылымнан іргесін аулақ салып, саламатты өмір салтына бір табан жақындаған өңірлерге жеке тоқталған жөн. Келесілерінде темекі тұтынатын тұрғындары өте аз: ұлт ордасы Ұлытау облысында – 0,9%, адамзаттың ғұламасының атын иеленген Абай облысында – 2,7%, Қазақстанның тұңғыш астанасы Қызылорда өңірінде – 2,8% және мұнайлы Атырау облысында – 2,8% шамасында.

Электронды сигарет бойынша да өңірлердің салмағы әркелкі: Алматы қаласында мұның күнделікті тұтынушыларының үлесі 16,4%, Астанада – 13,2%. Қыздырылатын темекі жүйелері бойынша алматылықтардың үлесі 14,3%, Астана жұртшылығында – 9,6%. Өзге өңірлерде аздау. Демек, жаңа заманның никотин өнімдеріне қызығушылар негізінен ірі қалаларда шоғырланғанға ұқсайды.

Күнделікті темекі тұтынудың жалпы көлемі 11 миллионнан асуы мәселенің тек жеке адамның әдеті емес, қоғамдық денсаулық пен экономиканың мәселесі екенін аңғартады. Ерлер тәулігіне 9 159 925, әйелдер 1 900 158 шылым шегеді екен. Бұдан кейін олардың денсаулығынан сау-тамтық қалмауы ықтимал.

2026 жылғы статистика үміттенуге негіз береді: темекі тұтынушылардың үлесі 17,5 пайыздан 15,1 пайызға төмендеді. Бірақ бұл үрдісті тек бағаның өсуімен байланыстыруға болмайды. Азаматтардың темекіні тастауына саламатты өмір салтын насихаттау, спорт пен дене шынықтыруды дамыту, денсаулыққа қатысты дұрыс түсінікті қалыптастыру, шылым тартатындарға қатысты медсақтандырудағы шектеулер, мектептегі дұрыс тәрбие және мемлекеттік саясат арқылы әсер етуге болады.

Бүгінде клиенттердің көз алдынан жасырылып, перде артына тығылған темекілер ертең дүкен сөресінен жоғалмайды. Бірақ бұл өнімнің тоқтаусыз қымбаттауы шылымқұмарларға бұл жаман әдеттен бас тарту туралы күнделікті ой салады. Бұл жерде былтырдан бері темекі тұтынатын жасөспірімдер үлесінің аздап өсуі жан-жақты күресті күшейтудің қажетін дәлелдейді.


Дереккөз: Inbusiness.kz

Бөлісу