Вт. Июл 28th, 2026

Қылмыстық іс қозғалды.

Ресейдің Кабардин-Балқариядағы Эльбрус тауына көтерілу кезінде 6 альпинист көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Өңірлік Тергеу комитетінің мәліметінше, тау шыңына екі топ аттанған. Бірінші топта Босния және Герцеговинадан келген 7 азамат, ал екінші топта Ресейдің 2 азаматы болған. 25 шілде күні кешке ауа райы күрт нашарлап, босниялық альпинистер бағытынан адасып қалған. Топ мүшелерінің бірі төмен түсіп, 5 100 метр биіктікте екі адамның жағдайы күрт нашарлап, көз жұмғанын хабарлаған. Кейін құтқарушылар тағы бір тірі қалған альпинист пен қаза тапқан тағы үш адамның денесін тапты. Апат салдарынан Босния және Герцеговинаның бес азаматы мен бір ресейлік азамат көз жұмды.

Қайғылы оқиғаға тап болған топ ресми түрде тіркелген әрі тәжірибелі альпинистерден құралғаны белгілі болды. Бірақ та, ауа райының күрт нашарлауы салдарынан апаттың алдын алу мүмкін болмаған. Baza Telegram арнасының мәліметінше, желдің жылдамдығы сағатына шамамен 70 шақырымға дейін күшейген.

Босниялық БАҚ экспедицияға қатысқан жеті адамның да Зеница қаласының тұрғындары болғанын жазды. Олардың арасында ерлі-зайыптылар мен дәрігер әйел де болған.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты кемінде үш адамның мәйітін эвакуациялау әзірге мүмкін болмай отыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, Эльбрус – Ресей мен Еуропадағы ең биік тау. 


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу