Олжас Бектенов қолжетімді газ көлемін тиімді пайдалану қажеттігін айтты.
Бүгінгі Үкімет отырысында газ саласындағы баға белгілеу моделін жетілдіру, отандық өндірушілерді қолдау және газ ресурстарын тиімді бөлу бойынша бірқатар тапсырма берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар Премьер-министр қолданыстағы тарифтік модель газ саласының дамуын тежеуге тиіс емес екенін айтты.
Олжас Бектенов осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне Энергетика министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі ай ішінде халыққа атаулы қолдау тетігін сақтай отырып, жаңа ынталандырушы тарифтік саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр сонымен бірге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Энергетика министрлігіне және «Самұрық-Қазына» қорына бір ай ішінде тек қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын мұнай-газ жабдықтарының тізбесін бекітуді тапсырды.
– Мемлекет саладағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қомақты қаражат бөледі. Осы бағытта отандық өндірушілерді кепілдік берілген тапсырыспен қамтамасыз ету маңызды, – деді Олжас Бектенов.
Бұған қоса, Үкімет басшысы қолжетімді газ көлемін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Оның сөзінше, газ ресурстары ең әуелі халықтың қажетіне және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталуға тиіс.
«Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тауарлық газға қосылғысы келетін жаңа өндіріс орындары үшін энергия тиімділігінің критерийлерін бір ай ішінде әзірлеуі қажет», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр энергияны көп қажет ететін әрі тиімділігі төмен өндірістерге газ ресурстарын бөлу тәжірибесін тоқтату қажет екенін айтты.