Пт. Июн 20th, 2025

Қазақстанда жаңа мемлекеттік мереке мен демалыс күні пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында айтылды

Депутат ұсынысы

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беруді ұсынған болатын.

«Балалар – ел болашағының негізі әрі стратегиялық ресурсы. Олардың қауіпсіз, салауатты және жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болуы тиіс. Осы тұрғыда Балаларды қорғау күнін мемлекеттік деңгейде мереке ретінде атап өтуге көшу аса маңызды», – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Сондай-ақ, депутат Қазақстанда демалыс күндерін реттейтін жаңа ережелер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекітуді қажет деп санайды. Мысалы, биылдың өзінде 2027 жылдың аяғына дейінгі демалыс күндерін бекітуге болар еді. Бұл бизнестің ұзақмерзімді жоспар құруына, ал азаматтардың демалыс пен отбасылық шараларды алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың ұстанымы

Депутаттық сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді. Демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекіту ұсынысы қолдау таппады.

«Демалыс күндерін ауыстыру алдағы күнтізбелік жылға алдын ала жүзеге асырылады. Бұл мереке мен жұмыс күндерінің сәйкес келуіне, сондай-ақ елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеке-жеке анықталады. Осыған байланысты демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстырудың қолданыстағы тәртібі оңтайлы деп санаймыз», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың қолы қойылған жауапта.

Ал 1 маусымға мемлекеттік мереке мәртебесін беру ұсынысы министрлік тарапынан қолдау тапты.

«Бұл мереке ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл баланың психоэмоциялық жай-күйіне оң әсер етіп, отбасының жанында өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Жоғарыда айтылғандарды және елімізде отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мақсаттарын ескере отырып, 1 маусымды Балаларды қорғау күні ретінде мемлекеттік мереке етіп белгілеу мүмкін деп санаймыз», – деп хабарлады министрлік.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS