2025 жылы 3 маусымда Қазақстанға жаңа керқұландар тобы жеткізілді. Бұл екінші халықаралық тасымал
Жаңа керқұландар тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусымда төрт жылқыдан тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды.
3 маусымда таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.
«Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, «Алтын Дала» мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын», — дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
«Осымен Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зоопаркілер мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз», — дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.
Айта кетейік, бірінші топ 7 бас керқұлан Қазақстанға 2024 жылғы маусымда келді. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жылқыларды бақылады.
Керқұлан (Кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS