Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, абсолютті жеңімпаз атанды
Министрліктің мәліметінше, Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасына (APLO-2025) Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты елдерден биыл 500-ге жуық оқушы қатысты.
«Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Ол аймақтың ең мықты қатысушыларын басып озып, алтын медаль иеленді», — делінген ведомство хабарламасында.
Жалпы Қазақстан құрамасы лингвистикалық олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті — 5 медаль және 3 Құрмет грамотасын жеңіп алды:
Бірінші орын – Рамазан Бутантаев — 10 сынып, мамандандырылған IT-лицей, Маңғыстау облысы;
Екінші орын – Самир Сарбасов — 12 сынып, НЗМ, Астана қаласы;
Үшінші орын – Тимур Кантаев — 11 сынып, «Арыстан» мамандандырылған мектебі, Алматы қаласы;
Үшінші орын – Зере Серікова — 11 сынып, №9 «Зерде» мектебі, Астана қаласы;
Үшінші орын – Темірлан Сейтбаттал — 11 сынып, БИЛ, Ақмола облысы.
Құрмет грамотасымен марапатталғандар:
Ислам Сипатталов — 10 сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы;
Шыңғыс Қарасаев — 11 сынып, НЗМ, Орал қаласы;
Арон Хасанов — 11 сынып, БИЛ, Атырау қаласы.
Лингвистикадан Қазақстан құрама командасының жаттықтырушысы — лингвистика және география пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпазы, Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің 2-курс студенті — Аида Давлетова.
Оқу-ағарту министрлігі жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды құттықтады.
Айта кетейік, Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиада. Бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыретті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға жол ашады. APLO — оқушыларға халықаралық деңгейде өздерін сынап көруге және академиялық ортада таныла түсуге үлкен мүмкіндік береді.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ