Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Өзбекстан азаматын экстрадициялады.
«Күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істей отырып, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдауды жүзеге асырған, тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша кіріс кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған.
Оның және қылмыстың басқа да қатысушыларының әрекеттері салдарынан Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны зардап шекті, оларға 3,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді», — делінген хабарламада.
Қылмысқа қатысушылардың бірі сотталған, алайда ол қылмыс жасағаннан кейін жасырынған, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Былтыр желтоқсанда іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған.
Қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS