Атқарушы билік уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген деп отыр.
Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін, яғни UTC+5 қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Табиғи уақыт жақтаушыларының халықаралық альянсы (IANT) Үкіметтің Қазақстанның орталық және шығыс облыстары үшін географиялық бойлыққа сәйкес келетін және халық үшін оңтайлы шешім болып есептелетін UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды берді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, бұл тарихи негізделген уақытқа оралу болып саналады.
«UTC+5 уақыт белдеуі еліміздің халқының 76%-дан астамы тұратын (15 млн 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Бүгінгі таңда әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын етіп таңдады, өйткені адамның циркадты ырғағы табиғи күндізгі кезеңмен синхрондалады. Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды саналады», — деді министр.
Премьер-министр осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан, сондықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Дереккөз: Inbusiness.kz