Чт. Ноя 21st, 2024

Оның зілтеміршілерге допингті әдейі ішкізгені белгілі болды. 

Алексей Ни 2016 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасын баптаған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Еліміздің ауыр атлетикадан бұрынғы бас бапкері Алексей Ниге қатысты шешім түпікілікті қабылданып отыр. Ол енді спорттан біржолата шеттетілді. Бұл шешімді Халықаралық олимпиада комитетінің бастамасымен 2017 жылы құрылған Тестілеу жөніндегі халықаралық агенттік (ITA) қабылдаған. 

Нидің жазалануына Илья Ильин, Ниджат Рахимов, Светлана Подобедова, Зулфия Чиншанло мен Майя Манезалардың допингпен ұсталуы себеп болған.

Ұлттық құрамада аға бапкер болған оның бауыры Виктор да төрт жылға спорттан шеттетіліп отыр. 

Еске салайық, еліміз допингтің дауына байланысты алты бірдей алтын медальдан қағылды. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы Илья Ильиннің алтыны, 2012 жылғы Лондондағы 4 бірдей алтын (Илья Ильин, Майя Манеза, Зулфия Чиншанло және Светлана Подобедова) көзден бұлбұл ұшса, Нижат Рахимовтың Рио Олимпиадасындағы (2016 жыл) нәтижесі жойылды. 

Алексей Ни Қазақстан ұлттық құрамасын 1994 пен 2016 жылдар аралығында баптаған. Риодан соң ресми түрде орнын босатты. 


Дереккөз: Inbusiness.kz