Чт. Окт 31st, 2024

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ   

Оның айтуынша, Талғардағы кісі өлтіру бабы бойынша тергеу Бас прокуратураның тұрақты бақылауында. Ұсталғандарға бірқатар айып тағылған.

– Мен бір нәрсені айта аламын: әкесіне қатысты қылмыстық іс жоқ. Өртеуге қатысты іс тергелуде, сараптама тағайындалды. Жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың хабарлауынша, Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық кодекстің: 

  • 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру)
  • 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық)
  • 115-бабы (қорқыту)
  • 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) 
  • 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркеліп, тергеліп жатқанын хабарлаған еді.

Тергеу барысын министрдің өзі жеке бақылауына алған. Оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлеріде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі танда қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады.


Дереккөз: Ulysmedia.kz