Пт. Ноя 22nd, 2024

Астана мен Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектептерінде NNEF Қоғамдық қоры ұйымдастырған жыл сайынғы Teacher of the year («Жылдың үздік педагогы») конкурсының қорытындысы шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы құрметті атақ үшін төрт «Мирас» мектебі мен бес балабақшаның педагогтері бақ сынады. NNEF қоры үшін Teacher of the Year конкурсы –  мектептер мен балабақшаларда кадрлық резервті қалыптастыру тетіктерінің бірі.  

«Бұл конкурс педагогтың өзіндік іс-тәжірибесін педагогикалық қоғамдастыққа жария етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, біздің әрқайсымыз жұмыста қосымша тәжірибе жинақтадық және өз іс-тәжірибемізді  тұжырымдадық. Қазіргі уақытта біз, мұғалімдер, «NNEF» ҚҚ басшылығы тарапынан ерекше қолдауды сезінеміз. ( … ) Мұғалімдер бойында  өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу міндеті үшін  жан-тәнімен беріле жұмыс істеуге деген табиғи тілек-ниеті туындайды», деді Teacher of the Year 2021-2022 конкурсының жеңімпазы Альмира Аюпова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс оған қатысушыларға өзінің кәсіби шеберлігі пен шығармашылық тәсілдерін көрсетуге көмектеседі, сонымен қатар одан әрі мансаптық өсу мен дамуға да ықпал етеді.

«Осы конкурстың әділ қазылар алқасының мүшелері ретінде қатысушылардың жұмысын бағалауда біз педагогтердің кәсіби құзыреттері мен дағдыларын ғана емес, олардың инновацияға, шығармашылыққа қабілеттілігін, сондай-ақ олардың балаларға білім беру мен тәрбиелеуді дамытуға қосқан үлесін де ескердік. Ұсынылған әдістер мен тәсілдердің өзіндік ерекшелігі мен тиімділігі де маңызды критерийлер болды. Конкурс нәтижелері өте әсерлі болды. Біз көптеген тамаша жұмыстарды көрдік», деді «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Марина Үмбеталиева.

Конкурстық бағдарламаның үш жылында оған төрт жүзден астам педагог қатысты. Өткен жылдардағы конкурс жеңімпаздары мен финалистері қазір өз мектептері мен балабақшаларында жоғары әкімшілік қызметтер атқаруда. Олардың қатарында Алматы қаласындағы «Мирас» мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Илашева, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің әдіскері Ләззат Денебаева, Алматы қаласындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Алтынай Пірімбетова, Атырау қаласындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Тойған Жарбосынова және тағы басқалар бар.

«Конкурстағы жеңісім менің басқа кәсіби іс-шаралар мен байқауларға қатысуға деген ынтамды арттырғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тәжірибе мені және оқушыларымды жаңа жетістіктерге шабыттандырды. Ең маңызды нәтижелердің бірі – менің оқушымның су туралы республикалық жобалар байқауындағы жеңісі болды. Осы жобамен жұмыс істей отырып, біз экология және тұрақты даму саласындағы білімімізді тереңдетіп қана қоймай, өңіріміздің су ресурстарын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлей алдық», деді Алматыдағы «Мирас» мектебінің география және биология пәнінің мұғалімі Гаухар Шаймерденова.

Ол бұл жобаны шәкірттерімен бірге Стокгольмдегі халықаралық конкурста ұсынды. Конкурсқа бару мен кәсіби қарым-қатынас жасау түрлі елдердегі әріптестермен байланыс орнатуға және одан әрі дамуға жол ашты.

«Бұл тәжірибе мен үшін де, оқушыларым үшін де баға жетпес дүние болды. Біз жаңа білім мен дағдыларды игерумен қоса, өзге елдердегі әріптестермен және мамандармен байланыс орнаттық, бұл бізге тәжірибе алмасуға және үздік тәжірибелерді қабылдауға мүмкіндік берді», деп атап өтті Гаухар Шаймерденова.

Жылдар бойы Teacher of the year конкурсы финалистер үшін бедел мен кәсіби шеберлік сапасының белгісіне айналды. Жыл сайын жеңімпаздарға 500 мың теңге беріледі, бірақ олар үшін басты марапат, әрине, ақшалай көтермелеу емес, жаңа биіктерге бастайтын педагогикалық саладағы болашақ даму екені сөзсіз. 


Дереккөз: Egemen.kz