Утиль алымға қарсы петиция 49,5 мыңнан астам қол жинады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Сенат кулуарында утиль алымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілші спикерден «Жаңа ғана аз ғана топтың адамдары утиль алымды алып тастау туралы талап қойды деп, біз утилизацияны алып тастамаймыз дедіңіз. Олардың талабының ескерілмеуі дұрыс деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.
«Олардың талабын ескеруі үшін заң бойынша процесс болуы керек. Утилизациялық алымға қарсы топтардың өкілдері Астанаға келіп, менімен тікелей сөйлесті. Қазіргі таңда Үкіметте утиль алымды өзгерту бойынша ешқандай жоспар жоқ. Бұл бірінші мәселе. Әрине, халықтың пікір ескерілуі керек. Бірақ оны заң бойынша асауымыз қажет. Қазіргі таңда (утиль алымға қарсы) петиция жүріп жатыр. Петиция аяқталғаннан кейін оны үкімет деңгейінде қараймыз. Заң бойынша процедура осындай», — деп қысқа қайырды министр.
Журналистер утилизациялық алымнан түскен қаражат қайда жұмсалады деп қосымша нақтылады.
«Нақты сома туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен анықтай аласыздар. Себебі «Жасыл даму» қоры тиісті ведомствоға қарайды. Енді қаражатты бағыттауға қатысты келер болсақ, оның белгілі бір бөлігі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кетті. Автобустардың сатып алуына келсек, ақшаны қоғамдық көлікті дамытуға жұмсап отырғанымыз заңдылық деген ойдамын. Осылайша қалалардың тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартамыз», — деп түсіндірді Қанат Шарлапаев.
Айта кету керек, осыған дейін депутаттар утиль алымды төмендету мәселесін көтерген болатын. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев бастаған утиль алымға қарсы петицияға 49,5 мың қазақстандық қол қойып үлгерген.
Дереккөз: inbusiness.kz