Сб. Ноя 23rd, 2024

Насыбай саудасы көлеңкеге кетіп, астыртын сипат иеленді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда өткен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында насыбай атуды «денсаулыққа зиян әрі ұлт үшін ұят әдет» деп атап, құзырлы органдарға халықты бұл жаман ғадеттен арылтуға күш салуды жүктеген еді.

Билік өкілдері осы тапсырманы орындау үшін не істелгені туралы депутаттарды ақпараттандырды.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, насыбайды тұтынудың адам ағзасына тигізетін кері әсерін ескере отырып, ұлттық құрылтайға дейін-ақ, сонау 2020 жылы шегілмейтін темекі бұйымдарын, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынған.

Бұл тыйым сонда Денсаулық кодексіне түзету түрінде енгізілді және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» кодексінің 110-бабының 9-тармағында қарастырылған.

Бірақ онда биліктің өзі солқылдақтық танытты: тыйым бар, ал, оны бұзғандардың жазасы тым жұмсақ. Насыбай таратушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана әкімшілік айыппұл салынады.

Мемлекет басшысының биылғы тапсырмасынан кейін насыбайды заңсыз сату және тарату бойынша жауапкершілік қатайтылды. Таяуда Парламент қабылдаған, Президенттің қол қоюына берілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңы арқылы шегілмейтін темекі бұйымдарын, соның ішінде насыбайды әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жаза енгізіледі.

Бұл жаңа жаза түрі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 301-1-бабына толықтыру түрінде қарастырылған.

Осылайша, сөре астынан насыбай сататын көшедегі кейбір кемпір-шалдар, базарлардағы саудагерлер, немесе оны интернеттегі тегін хабарландырулар сайттары және әлеуметтік желілер арқылы таратушылар осы қылмысы үстінде ұсталып қалса, бұрынғыдай 25 АЕК айыппұлмен құтылмайды, қамауға алынуы мүмкін.

«Анықтама үшін айта кетсек, енді сату және тарату үшін – 200 АЕК (2024 жылы 738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Осы заңсыз өнімді Қазақстанға әкелу, өндіру үшін – 2 000 АЕК-ке (7 384 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, мүлкі тәркіленуі мүмкін», – деп хабарлады вице-премьер Т.Дүйсенова.

Егер бұл қылмыс бiрнеше рет жасалға, немесе оны аса iрi мөлшерде табыс тауып, қылмыстық топ жасаса – айыппұл 5 000 АЕК-ке (биыл 18 460 000 теңгеге) дейiн өседі. Болмаса, қылмыстық топ мүшелері 1 200 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмысқа тартылады. Сот қаталдық танытса, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Тамара Дүйсенова жаңа заңның нормаларын халық арасында түсіндіру бойынша тиісті профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатқанын хабарлады.

Президент сынынан кейін құқық қорғау органдары да қауырт қимылға кірісті. Еліміздің әр өңірінде арнайы рейдтер ұйымдастырылып, ұсақ дүкендерді, көше сатушыларын, базарларды, басқаларын тексерді.

Мамандардың айтуынша, насыбай саудасына толық тосқауыл қойылған жоқ, ол сөре астынан жасырын сатылады. Бұл ретте кәнігі тұтынушылар «насыбайды» енді насыбай атамайды, «нась», «нос», «шпак» және басқаша атай береді.

«Насыбайдың құрамына есірткі де, темекі де қосылуы мүмкін. Бұл бизнес құс өсірушілерге де табыс әкеледі деген әңгіме бар. Олар тауықтың нәжісін сатады. Өйткені насыбайға қарасора, темекі жапырағы сыртында, тауықтың қиы, әк-известь, сексеуілдің күлі, ағаш шайыры және басқасы салынады. Әртүрлі саудагерлер онда саналуан ингредиенттерді араластырады, сондықтан оның құрамын нақты атау қиын. Бұл заттың адам денсаулығына өте зиянды екені даусыз», – деді наркологиялық клиниканың дәрігері, психиатр Елена Рашевская.

Оның түсіндіруінше, қазіргі насыбай ататын адамды сыртқы кейпінен тануға болады. Ол адамның терісінің түсі өзгеріп, сарғаяды. Беті қан-сөлі жоқ, қуарып кетуі мүмкін: бұл психогенді заттың ағзаны ұзақ улағанының салдары. Тістері, тырнақтары сарғайып кетеді.

Қазіргі насыбайды ататын адам үнемі ерні жыбырлап, көзі алақтап, агрессивті, ашуланшақ, шікәмшіл келеді. Еш себепсіз айғайға басатын не жылап қоя беретін кездері жиілейді. Сырқаттарға елестер көрінген, жоқ дыбыстар естілген жағдайлар болыпты. Насыбайшыларды қатты, тоқтаусыз күркілінен, денесінен шығатын өткір химиялық иістен де тануға болатын көрінеді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың мәліметінше, полиция насыбай сатқаны үшін 900-ден көп адамды жазалап үлгеріпті.

«Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайының 3-ші отырысында шегілмейтін темекі өнімдерін, соның ішінде насыбай, снюс және басқасын заңсыз сату фактілері бойынша қажетті алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. Қолданыстағы заңнамада шегілмейтін темекі өнімдерін әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға бұрыннан тыйым салынған. Мұндай фактілерді анықтау мақсатында министрлік ел аумағында биылғы жылғы 18–31 наурыз аралығында тиісті жедел-профилактикалық іс-шара өткізді», – деді ІІМ басшысы.

Ол шегілмейтін өнімдерді сату мен таратудың 1,6 мыңнан астам фактісі анықталғанын жеткізді.

«Оның 3 тоннасы тәркіленді. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін 186 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы аталған іс-әрекет үшін 550-ден астам адам жазаға тартылды. Сатуға тыйым салынған немесе Қазақстан заңнамасымен шектелген тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде насыбайды заңсыз сатқаны үшін жалпы саны 900-ден астам адам жауапқа тартылды», – деді министр Ержан Саденов.

Сонымен қатар аталған кезеңде полиция органдары денсаулық сақтау және білім беру органдарымен бірлесіп, мектептер мен жоғары оқу орындарында 10 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізген, балалармен, жастармен әңгімелескен екен.

Бұл ретте полицейлер мен медицина қызметкерлері 800 акция, 569 семинар, 6017 дәріс, 1 074 кездесу, 428 дөңгелек үстел, 412 конкурс, 678 спорттық жарыстар мен турнирлер, 689 өзге де іс-шаралар ұйымдастырған екен. Соған қарағанда, байырғы замандардан келе жатқан «насыбай ату» сияқты жаман әдетпен күрестің көрігі қызғаны байқалады.

«Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген сияқты, бұл біржақты күресті қоғамның бір бөлігі сынап жатыр. Әлеуметтік желілерде теріс пікірлер кездеседі.

«Шаш ал десе бас алатын қасқалар. Одан да халықтың алкоголь ішімдігіне сылқия тойып, маскүнемдікке салынуына тосқауыл қоймасыңдар ма? Бар күшті соған салып», – дейді Жұмабек есімді пайдаланушы.

«Алкоголь мен темекі дүкендерде еркін сатылады. Насыбайға «халық денсаулығына қауіпті зат» деп тыйым салып, қылмыстық жаза енгізуде. Сонда арақ пен темекі жай «шаттық эликсирі» ме? Биліктің ісінде логика қайда? Барлық зұлымдықтың бастауы – спирт ішімдіктері. Соған тыйым салып, қудалау керек. Бірақ бұл біраз шенеуніктің бизнесіне кесірін тигізеді», – деп жөн-жосықты көрсетті Бегімов деген азамат.

Дәл осы кезде Астанада қап-қара түйіншектер түріндегі насыбайды дүкендердің де сатып келгені әшкере болды. Мұндай екі факті Есілдің оң жағалауындағы Астананың жаңа әкімшілік орталығында, «Есіл» ауданында тіркелді. Яғни, насыбай Парламент пен Үкіметтің іргесінде сатылған деуге де болады.

«Рейд барысында екі астаналық дүкенде насыбайдың заңсыз саудасы анықталды. Сауда орнының қожайындарын Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 192-бабы бойынша жауапкершілікке тарттық. Оларға 25 АЕК (92,3 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін», – деді «Есіл» ауданының полиция басқармасының учаскелік инспекторы Қуаныш Расулов.

Өйткені Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, Парламент қабылдаған, насыбай, вейп саудасы үшін әкімшілік жауапкершілік орнына қылмыстық жаза енгізетін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ел Президентіне қол қоюға енгізілді.

Қ.Тоқаев қол қойып, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған соң ғана аталған заң, тиісінше, қылмыстық қудалау тетіктері күшіне енеді.

Заң кешігіп жатқан соң, интернетте «насыбай қаптауға арналған пакеттер» ары қарай сатылып жатыр. 1 пакеті 5 теңге делінген.

Қалай болғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақты Орталық Азиядағы «насыбай атпайтын» алғашқы елге айналдыруы ғажап емес. Ол ұлттық құрылтайда бұл мәселедегі қатаң ұстанымын нақты білдірді.

«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны – белгілі, ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін  көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік! Оны тоқтату қажет! Жалпы, насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен», – деген болатын Қ.Тоқаев.

Ол Парламент депутаттары әзірлеген, насыбай таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастыратын заңды қолдайтынын жеткізді. Президенттің байламынша, қылмыстық жаза «насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді».


Дереккөз: inbusiness.kz