Вс. Ноя 24th, 2024

13 желтоқсанда Назарбаев Университетінде экологиялық тұрақтылықты ілгерілетуге арналған бірегей бастама болып табылатын Sustainability Living Lab (SLL) бағдарламасына арналған Медиа-тур өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Назарбаев Университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және басқа да отандық университеттердің  студенттері пластик пен шыныны қайта өңдеу, гидропоникалық қондырғылар, электр қуатын тұтынуды бақылау және басқа да бағыттар бойынша өздерінің экожобаларын журналистер назарына ұсынды. Бұл жобалардың барлығы SLL бағдарламасы аясында жасалған. SLL – бүкіл Қазақстан бойынша студенттерге университет кампустарында экологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарлама. Ол жастардың теориялық білімдерін нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. SLL бағдарламасын «Шеврон» компаниясының қолдауымен Назарбаев Университетінің Тұрақты даму офисі мен “National Conservation Initiative” корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырады.

Sustainability Living Lab бағдарламасы алғаш рет 2019 жылы Назарбаев Университетінде университет қауымдастығының жасыл бастамаларын қолдау мақсатында іске қосылды. Келесі екі жылда бағдарламаға Қарағанды ​​университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Солтүстік Қазақстан университеті және Ақтөбе өңірлік университеті қосылды. 2023 жылы SLL бағдарламасы 12 қазақстандық университетті қамтып, оларда 70-тен астам жасыл жобалар сәтті жүзеге асырылды.  Бұл жобалар қоғамдастықтың тұрақты дамуға деген көзқарасын өзгертуге жағдай жасайды.

Осылайша, SLL бағдарламасы аясында Алматы энергетика және байланыс университетінде  студенттер кампустың энергия тиімділігін арттыру үшін смарт үй жүйесін және дұрыс сұрыптау үшін балл жинауға мүмкіндік беретін смарт қоқыс жәшіктерін жасап шығарды. Атырау университетінде көкөністерді өсіруге арналған автоматтандырылған гидропоникалық қондырғыны орнатса, ал Бөкетов атындағы Қарағанды ​​университетінде студенттер пластик қалдықтарынан 3D принтер үшін жіптер шығарып және рационалды ағаш отырғызу үшін мобильді қосымша әзірледі. Шәкәрім университетінде студенттер гаджеттерді қуаттап, бос уақытын өткізе алатын күн панельдері бар беседка жасады.

«SLL бағдарламасы тек экологиялық бастамаларды дамыту алаңы ғана емес, сонымен қатар университет қауымдастығындағы экологиялық сананы өзгерту факторына айналды. Кампусымыздың тұрақты дамуына әсер ететін идеяларды студенттер нақты жобаларға қалай айналдыратынын көреміз», — атап өтті Қанат Байғарин, Назарбаев Университеті Президентінің кеңесшісі.

Бағдарлама аясында қатысушылар үшін Boot camp сессиялары да өткізіледі. Олардың барысында студенттер пайдалы дағдылар мен білім алып, кампустарды жасылдандыру бойынша тәжірибе және идеялармен алмасады. SLL Network қазірдің өзінде бүкіл ел бойынша екі жүзден астам қатысушыларды қамтиды және жыл сайын жасыл ойлы жастардың саны өте жылдам өсіп келеді. Сонымен қатар, Sustainability Living Lab бағдарламасы аясында  тұрақты даму тақырыбына арналған офлайн және онлайн семинарлар және Youtube платформасында жобалардың орындалу барысын егжей-тегжейлі сипаттайтын білім беретін бейнелер қарастырылды.

«SLL бағдарламасы кампустардың экологиялық көрсеткіштерін жақсартып, тұрақты даму мәселелері бойынша хабардарлықты арттырып қана қоймайды, оның маңыздылығы «жасыл кампусты» қалыптастырып, студенттердің бастамаларын біріктіруде», — деп атап өтті SLL бағдарламасының қатысушысы, «Green Society» студенттік қоғамдастығының президенті Аружан Қапарова.

Медиа турға қатысушылар университет аумағында SLL бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар қызықты жобалармен танысуға мүмкіндік алды:

  • Mediterranean biome — университет атриумында субтропиктік өсімдіктерден тұратын арнайы аймақ құру жобасы.
  • NU observatory — диаметрі 50 см телескоп орнатылған шағын обсерваторияны салу жобасы.Күмбез 360 градусқа айналады. Университет студенттері мен қызметкерлері, сондай-ақ қала тұрғындары планеталарды дүрбі арқылы өте жақсы сапада бақылай алады.
  • Smart geopolymer —  бұл бетондағы құмның орнына шыны және пластмасса қалдықтарынан мүсіндер, брусчатка, орындықтар сияқты экологиялық таза материалдар мен әртүрлі пайдалы өнімдерді жасау жобасы.
  • Topyraq — бұл органикалық қалдықтарды өңдеуге арналған вермикомпосттарды жасау жобасы.
  • Precious plastic —  бұл пластикті қайта өңдеу жобасы, өздігінен жасалған құрылғылардың арқасында пайдаланылған пластик тұрмыстық заттар жаңа өмірге ие болады.
  • Tile glass iыны қалдықтарын қайта өңдеуге арналған жобасы. Студенттер сынған әйнектің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтып, күнделікті өмірге қажетті шамдар, қораптар сияқты пайдалы бұйымдар жасайды.
  • Just reprint  пластик қалдықтарын 3D принтер үшін жіпке қайта өңдеу жобасs
  • Green Horizon – жасыл кеңістіктермен қосымша пайдалы кеңістік құру жобасы.
  • Мембраналық қабаттың қолданылуына байланысты шатырдың қызмет ету мерзімі 4 есе артады.
  • Bulan — мүгедектер арбасының қозғалғыштығын және пайдалану жеңілдігін арттыратын электр қондырмасын жасау жобасы.
  • Lumisolcoat — наноматериалдар негізіндегі күн панельдері үшін люминесцентті және гидрофобты жабындар. Жұқа жабындардағы нанобөлшектердің бірегей қасиеттерінің арқасында деструктивті УК сәулесі көрінетін жарыққа айналады, осылайша күн панельдерінің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, әзірленген жабындардың гидрофобты қасиеттері панельдердің өзін-өзі тазалауын қамтамасыз етеді.
  • V-elec — бұл спорттық жаттығулардан қуат алуға мүмкіндік беретін жаттығу велосипеді. Студенттер спортпен айналысады және гаджеттерді зарядтайды.
  • Hydrohouse — автоматтандырылған гидропоникалық қондырғыларды құру жобасы.

Жарық, қышқылдық деңгейін және температураны бақылауға арналған сенсорларды қолданудың арқасында қондырғыларды Telegram бот арқылы адамның тұрақты бақылауынсыз пайдалануға болады.

  • NU Energy Dashboard — бұл кампустағы әрбір ғимараттың энергия тұтынуын интерактивті және түсінікті форматта нақты уақыт режимінде көрсетуге арналған платформа.
  • Art-Eco — бұл тоқыма қалдықтарынан кенептер мен экологиялық тақырыптарға картиналар жасау жобасы.

Coal soil күлді минералды-органикалық компостқа айналдыру жобасы. Күл қалдықтары мен органикалық заттарды белгілі бір пропорцияда араластыру арқылы біз сарқылған топырақ үшін тиімді субстрат аламыз.

Бұл жобалар тұрақты кампустарды құруға ықпал ететін инновациялық идеяларды қамтиды. Олар пайдалы және экологиялық таза өнімдерді жасау үшін ресурстарды тиімді пайдаланудың және қалдықтарды қайта өңдеудің маңыздылығын көрсетеді.


Дереккөз: Inbusiness.kz