Пт. Ноя 22nd, 2024

Әкім жұмысшының желке тұсынан ұрып жіберген.

Астрахан аудандық сотында Острогорск ауылдық округінің бұрынғы әкіміне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Острогорск ауылдық округінің әкімі мен жергілікті ЖШС-нің жұмысшысы арасында суға қатысты жанжал туындаған. Жанжал кезінде әкім  жұмысшының желке тұсынан ұрып жіберген, ол етбетімен жерге құлаған.

«Айыпталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сарапшының қорытындысымен расталды, яғни сызат және көгеру түрінде дене жарақатын табылды», деді ведомстводан.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза немесе 15 тәулікке қамауға алу жазасы көзделген.

«Сот жеңілдететін мән-жайларды, яғни айыпталушының бірінші рет әкімшілік жауапқа тартылып отырғандығын, оң мінездемесіне, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады. Сонымен қатар, сот облыс әкімінің атына жеке қаулы шығарды, онда ол төмен тұрған әкімдердің қызметіне бақылаудың жоқтығына және тиісті ден қою шараларын қабылдауға назар аударды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», деп толықтырды ведомстводан.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz