Пт. Ноя 22nd, 2024

Алматы Халықаралық «Мирас» мектебінде байқау жеңімпаздарына гранттар табысталды.

Nnef қоғамдық қорының «Мирас» мектептерінде іске асырылатын халықаралық жалпы білім беру бағдарламаларында оқуға үміткер 200-ге жуық дарынды қазақстандық оқушылар арасындағы байқау оқу гранттарын тапсырумен аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстандық мектептер мен лицейлердің жүзден жүйрік мыңнан тұлпар деген оқушыларына берілетін гранттар бағдарламасының тарихы 2021 жылдан басталады. Бірінші конкурстық іріктеуге жүзден астам оқушы қатысты. 2022 жылы байқауға 150-ге жуық, ал биыл 180-нен астам оқушы бақ сынады.

Финалға үздік 20 оқушы қатысып, жетеуі ең көп балл жинаған. Алдағы уақытта олар Халықаралық Бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасында  100% грант есебінен оқитын болады. Айта кетсек, бұл жобаға «Халық» қайырымдылық қоры мұрындық болды.

«Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов атап өткендей, соңғы жылдары елімізде адами капиталды дамыту бойынша түрлі білім беру бағдарламалары мен жобаларға қор 600 млн теңгеден астам қаржы бөлген.

«Жас талантты оқушылар қорының бұл қолдауы 2020 жылдан бастап бірнеше жылдан бері жалғасып келеді және жыл сайын біздің Қор қолдайтын гранттар саны артып келеді. «Халық» қорының гранттары жастар үшін болашаққа жол ашады, оларға жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік береді, бұл оларға мемлекеттік гранттар мен стипендиялық бағдарламалар және шетелдік университеттердің гранттары есебінен еліміздің және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі уақытта біз жүзге жуық ірі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды қолдаймыз және 2016 жылдан бастап Қор осы мақсаттарға 45 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл тек білім беру саласындағы жобалар ғана емес, мектептер, ауруханалар, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған үйлер, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту саласындағы түрлі жобалар», – деді «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов сұхбатында.


Ақпарат көзі: Atameken business