Ср. Ноя 27th, 2024

Қазіргі уақытта елімізде 2700-ден астам пункт жұмыс істейді. 

Алматыда полицияның сервистік орталықтары қалай жұмыс істейтіні талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұнда екі миллионнан астам адам тұрады. Халық санының жоғары тығыздығы экономикалық және әлеуметтік салаларға, сонымен қатар криминогендік ахуалға да әсер етеді. 

ҚР ІІМ полиция қызметтерін көрсетудің үш деңгейлі моделін әзірледі. 

Бірінші деңгей – модульдік бекеттер. Бұл “полиция қадамдық қол жетімділікте” қағидатын іске асырудың жарқын мысалы. Мұндай нысандар тәулік бойы көшедегі адамдардың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді. 

Екінші деңгей – учаскелік полиция пункттері. Қазіргі уақытта ел бойынша 2700-ден астам пункт жұмыс істейді. Жаңа форматтағы үш нысан Астана, Павлодар және Ақтөбе қалаларында орналасқан. Олардың негізгі “клиенттері” шағынаудандардың тұрғындары болып табылады. 

Үшінші деңгей – өтініш берушілер мен қызмет алушыларға арналған полицияның сервистік орталықтары. 

Сервистік орталықтарда тегін 55 түрлі қызмет көрсетілетін болады. Полиция тарапынан көші-қон, әкімшілік заңнама және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар орналастырылады. 

Бұдан басқа онда медиатор, заң қызметтерін көрсету жөніндегі консультант және психолог жұмыс істейтін болады. Әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтер ұсынылып, ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға және ІІО-ға жұмысқа қабылдау бойынша кеңестер беріледі. 

Сервистік орталықтардың негізгі мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, халықтың сұранысына жедел ден қою, қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіби, білікті көмек көрсету.

«Аталмыш жобаның тұжырымы – “клиентке” бағдарлану. Бүгінде ІІМ бағалау индикаторларын өзгертіп жатыр. Сондықтан да қажетті жаңа тәсілдер азаматтарымыздың көңілінен шығуы тиіс», деді министр Марат Ахметжанов.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz