Сб. Апр 27th, 2024

Биылғы 6-13 қазан аралығында Астанада құрлықтық біріншілік өтеді.  

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылуы аясында Бейжіңде 28-29 наурыз аралығында туризмді және инвестицияларды дамыту жөніндегі форум өтті. Жиынға Қазақстанның үстел теннисі федерациясы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Федерацияның Бас хатшысы Данил Пак, атқарушы директор Данияр Ахметов, спорт директоры Нұрсұлтан Беков делегацияның құрамында болды.

Стенд аймақтардың ауқымды көрмесінің жұмысы барысында ұсынылды. Мұнда Қазақстан федерациясы Астанада үстел теннисінен өтетін алдағы Азия чемпионатын көпшілік қауымға таныстырды.

Перспективалық турларға маманданған Қытайдың туристік компаниялары презентацияға үлкен қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, туристік фирмалардың өкілдері форумның B2B сессиясы кезінде Азия чемпионатының жанкүйерлері мен туристеріне жасалатын жағдайлардың жоғары деңгейін атап өтті.

ҚХР – үстел теннисі бойынша әлемдік көшбасшы. Бұл ел спортшыларының қатысуымен өтетін әр турнир жанкүйерлердің қызығушылығын арттырады.

Осыны ескере отырып, құрлықтық біріншілікті өткізу кезінде Қытайдан келген үстел теннисінің әуесқойларына арнайы пакеттердің үш түрі ұсынылатын болады. Ол әуе билеттері, қонақүйлерде орналастыру, чемпионат матчтарына әр түрлі класс билеттері, қолтаңба және фотосессияларға қатысу, Астана бойынша экскурсиялардан және т.б. тұрады.

Қытайлық туристік фирмалар осы бастамаға қолдау білдіріп, бағдарламаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауға ниетті екендігін жеткізді.

Айта кету керек, 2024 жылғы 6-13 қазан аралығында Астанада құрлықтық біріншілік өтеді. Бұл 2025 жылы Дохада (Катар) өтетін жеке әлем чемпионатына іріктеу турнирі.


Дереккөз: Inbusiness.kz